Кәсіпкерлер палатасы өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағдарламасына арналған ұсыныстарын жеткізді
Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы өткен жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы келесі жылы аяқталады. Мен Үкіметке бизнеспен бірлесіп, келесі бесжылдыққа арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны әзірлеуді бастауды тапсырамын», деген болатын.
Осы орайда кәсіпкерлік палатасының басшысы мәжілісте аймақта кәсіпкерлік саласын дамытуда агроөнеркәсіптік кешеннің маңыздылығына тоқтала отырып, бірнеше мәселені көтерді.
«Қызылорда облысы аридті (қуаңшылық) аймаққа жататындықтан, ауылшаруашылығын сусыз елестету мүмкін емес. Сырдария өзені мен Кіші Арал теңізі егістіктер мен жайылымдарды суландырудың негізгі көзі болып табылады. Сонымен қатар балық өсіретін су айдындарын сумен тұрақты қамтамасыз етудің жалғыз жолы. Яғни, су мәселесінің түпкілікті шешілуі аймақта ауылшаруашылық өндірісін кешенді дамыту мүмкіндік береді. Сол себепті «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының 2-кезеңін жүзеге асыру мәселесін аталмыш бағдарламаға қосу қажет деп есептейміз», – деді Ғалымбек Жақсылықов.
Палата директорының мұнан кейінгі көтерген мәселесі – аймақта «Агропарк» құру.
«Ы.Жақаев атындағы «Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» тарапынан аймақтың егіс алқаптарын тиімді әртараптандыру мүмкіндіктері жайлы көптеген ғылыми жұмыстар жасалған. Мысалы, Институттың есебі бойынша 1 гектар күріштен түсетін таза табыс 103 мың тг болса, соя, сүрлем жүгері және соргоның таза табысы күріштен кемінде екі есе артық шығады. Яғни, осындай суды аз талап ететін әрі табысы көп болатын дақылдарды егуде Институт тәжірибесін облыста тарату қажет деп есептейміз. Бұл дақылдар облысымызда кең тарамағандықтан, сәйкестендірілген техникалар және сол дақылдарды егіп көрген тәжірибелі Институт пен ғалымдардың көмегіне жүгініп, Институт базасында «Агропарк» құруды ұсынамыз. Ол үшін институттың өңір кәсіпкерлеріне тәжірибесін таратуға толық қауқары бар», – деді Палата басшысы.
Мәжіліс қорытындысымен облыс әкімі аталмыш ұсыныстарды тиісті сала басшыларына тапсырып, жүзеге асыру тетіктерін қарастыруды тапсырды.