Қызылорда облысының 2022 жылға дейінгі кешенді даму жоспары бекітілді
Kyzylorda-news.kz. Бүгін үкімет отырысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев облыстың 2022 жылға дейінгі кешенді даму жоспарын таныстырды. Отырыстың қорытындысымен құжат бекітілді.
Өңірді дамытудың кешенді жоспары 12 бағыт, 119 іс-шарадан тұрады. Олар - өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, кәсіпкерлікті дамыту, көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, экология және табиғатты пайдалану, халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, спорт, су тасқынына қарсы іс-шаралар, тұрғын үй құрылысы және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту.
Аймақ басшысы ағымдағы жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында өңір тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту және даму қарқынын арттыру мақсатында облыстың өзекті мәселелері қаралғанын атап өтті.
"Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Кеңес Төрағасы-Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2022 жылға дейін облысты дамытудың Кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырған еді. Жоспар құны - 219,7 млрд.теңге. Оның ішінде республикалық бюджеттен 156,7 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен 50,6 млрд. теңге және басқа көздерден 12,4 млрд. теңге болатын 119 іс - шараны іске асыруды қамтиды", - деді аймақ басшысы.
ҚР Премьер - министрі Асқар Мамин "Кешенді жоспарды іске асыру өңірдің дамуына оң серпін беретінін" атап өтті.
Айта кетейік, өңірдің даму жоспары 2019 жылғы 21 мамырдағы республикалық бюджет комиссиясының отырысында мақұлданды.