"Байқоңыр" кешенінде арнайы экономикалық аймақ құрылады
Kyzylorda-news.kz. Облыстың 2022 жылға дейінгі Кешенді даму жоспары 12 бағыт, 119 іс-шарадан тұрады.
Аталған стратегиялық құжат аясында "Байқоңыр" кешенінде арнайы экономикалық аймақ құру, шағын және орта бизнесті қолдау шаралары ұсынылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Байқоңыр» кешенінде арнайы экономикалық аймақ құру Байқоңыр қаласының сондай-ақ жалпы өңірдің экономикасын өсірудің локомотиві болмақ, онда көп салалы өнеркәсіп және ғарыштық туризм салаларын дамытудың арқасында инвестициялар ағыны ұлғайып, жаңа жұмыс орындары құрылады", - деп атап өтті аймақ басшысы.
Айта кетейік, "Байқоңыр" АЭА құру жол-көлік инфрақұрылымын, ғарыш өнеркәсібі мен туризмін дамытуды қамтиды.
Сонымен қатар, облыстың кешенді даму жоспарында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бірқатар іс-шаралар қарастырылған. "Бизнестің жол картасы-2025" мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлікті қолдау бойынша 6 іс-шараны іске асыру жоспарлануда.
Нәтижесінде, келесі 2 жылда жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 20% құрайды деп күтілуде. 2018 жылы бұл көрсеткіш 14,4% құрады.
Еске салайық, ағымдағы жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында өңір тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту және даму қарқынын арттыру мақсатында облыстың өзекті мәселелері қаралды. Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Кеңес Төрағасы-Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2022 жылға дейін облысты дамытудың Кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырған еді.
Өңірді дамытудың кешенді жоспары құны 219,7 млрд.теңге болатын 119 іс-шарадан тұрады. Кешенді жоспар 12 бағытты қамтиды.Олар - өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, кәсіпкерлікті дамыту, көлік инфрақұрылымы, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, экология және табиғатты пайдалану, халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, спорт, су тасқынына қарсы іс-шаралар, тұрғын үй құрылысы және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту.