Қазалыда 250 орындық мектеп салынады
Kyzylorda-news.kz. Бүгін жылдағы дәстүрге сәйкес Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев тұрғындар алдындағы есеп беру кездесулерін бастап кетті. Биылғы жылы санитарлық талаптарды қатаң сақтауға байланысты есеп беру кездесулері онлайн өткізіліп жатыр.
Аудан басшысы алдымен «ZOOM» бағдарламасы арқылы Басықара, Құмжиек, Қарашеңгел, Ғ.Мұратбаев және Сарыкөл ауылдық округтерінің тұрғындарымен онлайн байланысқа шығып, өткен жылы атқарылған жұмыстары туралы айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Ауданда бір ғана «Жол картасы» бағдарламасы аясында жалпы құны 3 млрд 11 млн теңгені құрайтын 42 жоба іске асырылды. Нәтижесінде 150 орындық ауылдық клуб салынып, 1 ауылға газ тартылды. Одан бөлек, көптеген көшелер асфальттанып, жарықтан-дырылды, әлеуметтік нысандар жөндеуден өтті. 2020 жылы Елбасының бастамасымен қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Бекарыстан би ауылында ауқымды жұмыстар атқарылды. Ауылдағы тұрғын үйлердің ауыз суы сервистік желіге қосылып, мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, 10 көше асфальтталып, жарықтандырылды. Ол үшін қазынадан 1 млрд-қа жуық қаржы бөлінді, – деген аудан басшысы бұдан бөлек, газдандыру, жөл жөндеу, құрылыс саласында көптеген жұмыс атқарылғанын тілге тиек етті.
Сондай-ақ, Әйтеке би кентінен 250 орындық мектеп салынатын қуанышты жаңалықпен бөлісті.
Кезек ұсыныс-пікірлерге берілгенде әр ауылдың тұрғындары өздерінің көкейіндегі сауалдарын қойып, ой-пікірлерін білдірді. аудан орталығына жақын орналасқан Басықара, Қ.Пірімов, Жалаңтөс батыр ауылының тұрғындары газдандыру мәселесін қозғаса, Ғ.Мұратбаев ауылының тұрғындары елді мекендегі электр бағаналарының тозығы жеткендігін және жаңадан екі көше ашып, инфрақұрылым жүргізу жөнінде ұсыныс айтты.