Қазалы ауданының әкімі ауыл тұрғындарымен кездесті
Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданында эпидемиологиялық ахуал әлі толық тұрақтала қойған жоқ. Дегенмен жоспарланған жұмысты жалғастыру, халықтың мұң-мұқтажын тыңдау күн тәртібінен түспейді.
Осыған сәйкес Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев ауылдарды аралауды бастап кетті. Негізгі мақсат – ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды халыққа таныстырып, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдау.
Аудан басшысы ең алдымен Әйтеке би кентіне жақын орналасқан Басықара, Құмжиек Қарашеңгел және Ғ.Мұратбаев ауылдық округтерінде болып, тұрғындармен кездесті. Кездесуде Мұрат Нәлхожаұлы алдымен ауданда атқарылып жатқан игілікті істерді айтып берді.
«Еліміздегі орын алып жатқан оқиғаға қарамастан ауданда қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Бір ғана «Жол картасы» бағдарламасы аясында 3 млрд 11 миллион теңгеге 42 жоба атқарылып жатыр. Одан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы 1 млрдқа жуық қаржыға Бекарыстан би ауылында үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Алдымен ауыз су сервистік желіге қосылады. Тағы да 7 көшеге асфальт төселіп, 8 көшеге жарықшамдар орнатылады»,- деді Мұрат Ергешбаев.
Өз кезегінде ауылдың тұрғындары аудан әкіміне көкейде жүрген сауалдарын жеткізді. Мәселен Ғ.Мұратбаев ауылының тұрғындары елді мекендегі газ жүргізу жұмыстары неліктен тоқтап қалғандығын сұрады. Аудан басшысы тиісті мамандарға бұл мәселе дереу шешімін тауып, ертеңнен бастап газ жүргізу жұмыстарын бастауды тапсырды.
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев бүгін Жанқожа батыр, Ақтан батыр, Абай ауылдары мен Қазалы қаласының тұрғындарымен кездеседі.