«Халыққа көмек» партиялық жобасы аясында арнайы қабылдау өтті
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова облыстық партия ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді.
Қоғамдық қабылдауға келген өңір тұрғындарының басым бөлігі жұмыспен қамту, әлеуметтік көмектер жөнінде сұрады. Алдына келген әрбір тұрғынның мәселесін мұқият тыңдаған басқарма басшысы айтылған ұсыныстардың оң шешілуіне ықпал етті.
Мәселен, Эдельвейс саяжайының тұрғыны Юрий Иванов ағасын қарттар үйіне орналастырып беруге ықпал жасауды сұрайды. Ағасы Иванов Константин Владимирович осыдан 2 жыл бұрын инсульт алып ауырып қалған. Қазір өзімен бірге тұрады екен. Өзі жұмыссыз. Өткен жылы жары қайтыс болыпты. Қараушысы болмаған соң уақытша, 4 жасар қызын балалар үйіне өткізіпті. Ол осындай жағдайлардан кейін ағасына қарауға мүмкіндігі болмағандықтан осындай қадамға барып отырғандығын айтады.
Басқарма басышысы мәселелені тиісті сала мамандарымен бірлесіп, зерделеп қолдау көрсеуге уәде етті.
Ал, Фатима Әбдірәсілова 2018 жылы «Оңтүстіктен-солтүстікке» еңбек бағдарламасы арқылы Қостанай облысына жұмыс жасауға кеткен баласы мен келінінің бүгінгі күні жұмыссыз және тұрып жатқан үйлерінде ешқандай жағдай жасалмағандығын жеткізіп, жұмыспен қамтуға ықпал жасауды сұрады. Басқарма басшысы Қостанай облысындағы әріптестеріне қоңырау шалып, мән – жайды түсіндірді. Алдағы уақытта өтініш иесіне қосымша хабарланатын болып келісілді.
Көп балалын ана Несібелі Садваксова 6-шы баласының жәрдемақысын осы күнге дейін ала-алмай келе жатқандығын айтып шағымданды.
Мәселе, Қызылорда облысы бойынша Еңбек, көші –қон және халықты әлеуметтік қорғау департаменті арқылы шешімін табатындығын түсіндірілді.
Басқарма басшысы қабылдауға жазылып келе алмай қалған тұрғындардың өтініштері бойынша да оларға хабарласып онлайн түрде мәселесін тыңдап, нақты кеңестер мен түсіндірме жұмыстарын жүргізді.