Биыл пәндік олимпиада жаңа форматта өтуде
Kyzylorda-news.kz. Бүгін пәндік олимпиаданың облыстық кезеңі басталды. Білім сынағы «Абай» атындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытылатын мамандандырылған сыныптары бар мектеп базасында өтуде. Оған аудандық және қалалық кезеңде жеңімпаз атанған 299 оқушы қатысуда.
Бұл жолғы олимпиаданың артықшылығы сол облыстық кезең бұрынғыдай бір күнде ұйымдастырылмайды. Мұнда барлығы 6 аудитория қамтылған. Яғни бір күнде 54 бала сынақ тапсырады. Осылайша олимпиада 27 ақпанға дейін созылады.
«Олимпиада күніне екі пәннен өткізіледі. Ал оның тапсырмалары ro.daryn.kz сайтында орналастырылады. Яғни оқушы сайтқа кіріп, тапсырманы жүктеп алады. Барлық аудитория бейнебақылау жүйесіне қосылған. Бір аудиторияда екі бейнебақылау орнатылған. Яғни әрбір ата-ана олимпиада барысын бақылай алады. Біздің негізгі мақсат ашықтықты қамтамасыз етіп, осындай үлкен додалардың әділ өтуін қамтамасыз ету. Сонымен қатар, олимпиада барысында балалардың тыйым салынған гаджеттерді пайдалануына жол берілмейді. Конкурс ашық түрде іске асады. Қатысушылардың жұмыстары қазылар алқасына алдын ала шифрланған түрде беріледі. Яғни оқушылардың жұмыстары сканерленген түрде Google Disk жүйесінде уақытылы жүктеліп отырады. Олимпиада аяқталғаннан кейін бейнекамера орнатылған аудиторияда қатысушылардың жұмыстары екі сағат ішінде PDF форматында жүктеледі. Мінекей осы сынақтан сүрінбей өткен үздіктер республикалық пәндік олимпиадаға жолдама алады», – деді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова.
Айта кетейік, 8-12 ақпан аралығында пәндік олимпиаданың аудандық, қалалық кезеңі өткізілген болатын. Олимпиада жаратылыстану-математика, қоғамдық-гуманитарлық бағыттардағы 14 пән бойынша ұйымдастырылды. Олимпиадаға 7 аудан мен Қызылорда қаласынан 4819 оқушы қатысып, 1231 оқушы жүлделі орындарға ие болды. І орынды 196 бала, ІІ орынды 368 бала, ІІІ орынды 664 бала иеленді.