Қызылорда: Алғыс айту күнінде қайырымды істер марафоны басталады
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай қайырымды істер марафоны басталады. Бұл туралы Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Әбілдаев хабарлады.
«Жоспарға сәйкес 1 наурызда аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасын облыстық деңгейде іске қосу шарасы өтеді. «Қоғамдық келісім» КММ-і мен «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы бірлесіп, этномәдени бірлестіктердің қатысуымен «Татулық пен алғыс» атты мерекелік фильм-концерт әзірледі. Облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық тобының «Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті», – деді Қуаныш Әбілдаев.
Мерекені көпшілікке сезіндіру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде «Шын жүректен» тақырыбында бейнероликтер әзірленіп, жариялануда. «30 жылға – 30 тілек» тақырыбында әр сала үздіктерінің бейнеқұттықтаулары ұйымдастырылып келеді.
«Алғыс айту күніне арналған мәдени-бұқаралық шаралар облыстың барлық аудандары мен елді мекендерінде өткізіледі», – деді Қуаныш Әбілдаев..
Республика көлемінде бастау алған «Қайырымдылық істер марафонын» Сыр өңірі 1 наурыз күні бастап, жыл көлемінде қарқынды түрде жүзеге асырады.
Брифинг аясында «Қоғамдық келісім КММ» директоры Бауыржан Мастеков ел дамуына үлес қосып жүрген тұлғаларды дәріптеп, жалпыұлттық жобаның аймақта жүзеге асуына кең көлемде атсалысуға шақырды.
«Қазақстан кәрістер қауымдастығы» облыстық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Юрий Ким Алғыс айту күнінде қазақ халқына, қазақ еліне ризашылығын білдірді.
«Мен Қызылордада дүниеге келдім және әрқашан өз елімде өзімді қажет сезіндім. Ең бастысы, бізді этникалық құрам бойынша емес, істеріміз, еткен еңбегіміз бойынша бағалады. Қазақ халқының дархандығы мен жылулығы үшін алғысымыз шексіз, – деді ол.