Бүгін – Қазақстанда Алғыс айту күні
Kyzylorda-news.kz. Бұл мереке ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілді. 1995 жылдың 1 наурызында елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды және 2015 жылы Ассамблеяның жиырма жылдығын мерекелеу аясында Елбасы Н.Назарбаев бұл күнді халықтардың бір-біріне және қазақтарға көптеген халықтар елге күштеп қоныстандырылған кезде төзімділік пен қонақжайлылық танытқаны үшін Алғыс білдіре алатын күн деп жариялауды ұсынды.
«Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Бұл күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», — деген болатын Елбасы Алғыс айту күні туралы Ассамблея сессиясында.
Бүгін тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу күні. Алғыс айту күні қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау күні. Бұл қуғын-сүргін мен жер аудару жылдарында біздің халық көрсеткен мейрімділік пен кеңпейілділік, қолда бармен бөлісу, көмек көрсету сынды рухани дәстүрлер күні.