Қызылордада карантин талабы жеңілдетілді
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында карантиндік шаралар жеңілдетілді. Яғни, ас беру және спорттық шараларды өткізуге рұқсат берілді. Бірақ 50 адамнан артық болмауы тиіс. Сондай-ақ, бильярд клубы мен балалардың ойын-сауық орталықтарының жұмыс істеуіне рұқсат етілді.
«Бүгіннен бастап 1-5 сынып оқушылары ал, халықаралық мектептерде 1-7 сынып оқушылары аралас оқу форматында оқиды. Яғни пәндерді 70 пайыз дәстүрлі, 30 пайыз қашықтан оқиды. Ал, бала саны 300-ден аспайтын қала және ауыл мектептердегі барлық сынып оқушылары мектепке барып оқиды. Сондай-ақ, 9,11 сыныптың оқушылары әлеуметтік ара-қашықтықты сақтай отырып аралас түрде оқуда. Бұған қоса, білім беру мекемесі әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға болады. Айта кететін жайт, шектеулер жеңілдетілгенімен босансуға болмайды. Карантин талаптарын сақтайық», – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Әлия Әбдіқайымова.
Сонымен қатар, мерекелік корпоративтерді ұйымдастыру мен өткізуге, букмекерлік кеңселердің қызметіне тыйым салу жалғасады.