Жұмыс берушілер қызметкерлеріне 1 млрд теңге қарыз
Kyzylorda-news.kz. Жыл басынан жалақы берешегі бойынша берілген ұйғарымды орындамаған жұмыс берушілерге қатысты сот орындаушыларына 718 іс жолданды. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Республикасының Үкіметі еңбек құқықтарының бұзылу фактілерін, сондай-ақ жалақы берешектерін болдырмауға қатысты жұмыстарды күшейтіп, тиісті шаралар қабылдауда. Осы жылдың 5 наурызына елімізде жалақы берешегінің сомасы 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (1,1 млн теңге) 62 млн теңгеге немесе 4 пайыз төмендеп, 1 млрд теңгені құрады. Жалақы берешегіне жол берген 210 кәсіпорынның басшыларына мемлекеттік еңбек инспекторлары 189 ұйғарым берді және 18,5 млн теңгеге айыппұл салынып, 1,8 мың жұмыскер алдындағы 814,6 млн теңге сомасында жалақы берешегі өтелді. Жыл басынан бері жалақы берешегі бойынша берілген ұйғарымды орындамаған жұмыс берушілерге қатысты сот орындаушыларына 718 іс жолданды, ол өткен жылмен салыстырғанда 40 есе көп», – деді Асқар Мамин.
Оның атап өтуінше, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының сақталмауы, оның ішінде жұмыскерлерге жалақы төлемеу бөлігінде шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тексерулер тағайындау алгоритмі бекітіліп, жергілікті атқарушы органдарға жұмыс үшін жолданды.
«Жаңа Алгоритмнің өлшемшарттары негізінде жыл басынан бастап 22 шағын және микрокәсіпкерлік субъектісінде жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Сондай-ақ жалақы берешегі бар кәсіпорындар, оның ішінде шағын және микрокәсіпкерлік кәсіпорындарының басшылары алгоритмге сәйкес өңірлердің Дағдарысқа қарсы штабтары мен әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияларында тыңдалуда», – деді Үкімет басшысы.