Қызылордада 188,2 мың гектарға егіс егіледі
Kyzylorda-news.kz. Биыл Қызылорда облысы бойынша 188,2 мың гектарға егiс егіледі.
Оның ішінде дәндi дақылдар 96,6 мың, майлы дақылдар 6,7 мың, мал азықтық дақылдар 66,4 мың, картоп, көкөнiс, бақша 18,5 мың гектарды құрайды. Негізгі дақыл күрiштің көлемі 84,4 мың гектар.
Сондай-ақ, әртараптандыру бағытында соя дақылын 98 гектарға, қант құмайын 40 гектарға және 66 гектарға жеміс-жидек, жүзім отырғызылмақ.
«Облыс аумағында ауа-райының күрт өзгеруіне байланысты, көктемгі дала және егін егу жұмыстарын сәл кешігіп бастадық. Бүгінде мақсары, жаздық және күздік бидайды егіп жатырмыз. Ал күріш дақылын егу сәуір айының 22-нен басталады. Сондай-ақ, биыл су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді де жоспарлап отырмыз. Алда тамшылатып суару әдісімен жоспарланған 3 мың гектарға қызанақ, жаңбырлатып суару әдісімен – 87 гектарға жүгері және 10 мың гектарға жоңышқа егуді бастаймыз», – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев.
Айта кетейік, қазіргі таңда егістікке қажетті тұқымдық материалдар толық қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, минералды тыңайтқыштар бойынша қажетті 61,8 мың тоннаның 45,2 мың тоннасы және қажетті 78 мың литр гербицидтердің 15 мың тоннасы сатып алынды. Ал ауылшаруашылық құрылымдары бойынша «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ы арқылы жыл басынан бері 192,9 млн.теңгеге 8 тракторр, 1 жатка, 2 дәнсепкіш, 6 басқа арнайы техника алынды.
Жалпы, бүгінде барлық аудандар мен Қызылорда қаласының су шаруашылығы нысандары егіс науқанына дайын. Оның ішінде шаруашылықаралық каналдар мен ішкі каналдар 70 пайызы тазаланып, насос қондырғылар мен гидробекеттер жөнделді.