«42 500 теңгенің 20 000 теңгесін қайтаруға міндетті»: Министрлік жауап берді
Kyzylorda-news.kz. Қазақстандық Instagram-аккаунттардың бірінде төтенше жағдай кезінде 42 500 теңге алған барлық жұмыссыздар енді 20 000 теңгені мемлекетке қайтаруға міндетті екендігі туралы жаңалық талқылануда. Бұл ақпаратты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жоққа шығарды, деп жазады Stopfake.
42 500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының (МӘСҚ) қаражаты есебінен төленді. Ол карантиндік шектеулер мен төтенше жағдай режиміне байланысты кірісінен айырылған жұмыс істейтін азаматтарға берілді.
– Егер азамат жұмыссыз болса, оның Қазақстан Республикасы аумағында барлық жерде қызметке шектеулер енгізілуіне байланысты табысынан айырылуы мүмкін емес. Тиісінше, ол 42 500 теңге алмауға тиіс және өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде төлем алуға өтініш бермеуі керек еді, өйткені ол бұл санатқа жатпайды. Дегенмен, МӘСҚ 42 500 теңге алған жұмыссыздардан 20 000 теңге көлеміндегі қаражатты қайтаруды талап етіп жатпағанын атап өткеніміз жөн, – деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен.
Демек, қазақстандықтарды бұрын алған әлеуметтік төлемдерді қайтаруға міндеттейді деген хабарлама шындыққа жанаспайды.
Қазнет пайдаланушыларын әлеуметтік төлемдерді міндетті түрде қайтару керек деп бұған дейін де қорқытқан болатын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл ақпараттарды да жоққа шығарды.