Қызылордада көлік ұрлап, жол апатына түскен күдікті ұсталды
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қалалық ПБ-ң Тасбөгет полиция бөлімінің қызметкерлері 28 сәуір күні бөтен көлікті ұрлап, жол-көлік оқиғасын жасаған тұрғынды ізін суытпай ұстады.
Ер азамат мекемелердің бірінің гаражы алдында тұрған жол талғамайтын көлікті ұрлап, басқару жүйесіне ие бола алмай, жол жиегінде аударылған. Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендер жоқ.
Күдікті оқиға орнында ұсталды. Ол облыс орталығының тұрғыны болып шықты.
«Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200-бабының 3-бөлігі (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу (айдап кету)) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде», – делінген полиция департаментінің хабарламасында.
Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтауда. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы бұлтартпау шарасы қолданылды.