Элизабет – ел мақтанышы
Kyzylorda-news.kz. 14 мамыр күні Қызылорда қаласы Текей батыр Қарпықұлы атындағы жоғары колледж ұжымы мəнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Элизабет Тұрсынбаеваның ата-анасы Байтақ Тұрсынбаев пен Падишахан Сұлтаналиевамен кездесті.
Колледж директоры Жәнібек Исаев ел мақтанышына айналған Элизабеттің жетістіктерін атап өтіп, оқу орны ұжымы мен студенттерінің саңлақ спортшыға деген құрметі ерекше екенін жеткізді.
Кездесу барысында қонақтар колледж базасымен танысып, қазіргі таңда еңбек нарығына қажетті бәсекеге қабілетті жоғары кәсіби білікті мамандар даярлау ісінің маңыздылығы зор екендігін атап өтті.
Кездесуде колледждің тігіншілері Элизабетке арнайы дайындаған «T.E.B» белгісі бар эксклюзивті шапанын ата-анасына тарту етті. Ал директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, ақын Ғабит Кәдірбай жыр шумақтарын арнады.
Естеріңізге сала кетейік, 29 сәуір – 1 мамыр аралығында Қызылордада Элизабет Тұрсынбаеваның жүлдесі үшін мәнерлеп сырғанаудан республикалық турнир өткен болатын.