Элизабет Тұрсынбаева Алматыдағы мұз айдынында өнер көрсетті
Жапонияда өткен 2019 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаева Алматыда өткен Илья Авербухтың «15 лет успеха» шоуында өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматылық спортсүйер қауым Элизабет Тұрсынбаеваны жабыла қол соғып, ерекше сый-құрметпен қарсы алды. Алматылықтар сонымен қатар қылмыскерлердің қолынан қаза болған қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің құрметіне өнер көрсеткен Алексей Ягудинге де қошемет көрсетті.
«Денис Сіздердің елдеріңізді бүкіл әлемге танытты. Денис Тенге мың алғыс»,-деді Алексей Ягудин қойылымын аяқтаған соң.
Шоу 3 сағатқа созылды және «AlmatyArena» сарайы көрермендерге лық толды.
Айта кетейік, осыған дейін біз Элизабет Тұрсынбаеваның Илья Авербухтың шоу-бағдарламасына қатысатынын жаздық.
Сондай-ақ Жапонияның Сайтама қаласында мәнерлеп сырғанаудан өткен әлем чемпионатында Элизабет Тұрсынбаева күміс жүлдегер атанғанын хабарладық. Элизабет Тұрсынбаеваны осы жеңісімен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.