Гүлшара Әбдіқалықова мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін құттықтады
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін құттықтады.
Құрметті мәдениет және өнер саласының қызметкерлері!
Сіздерді 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Мәдениет – ұлттық болмысымызды сақтап қалатын, әлемдік тарих сахнасында алар орнымызды айқындап беретін бірден бір құбылыс екені белгілі.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзімен айтқанда, «Біз әлемдік мәдени құндылықтармен үндес жаңа заманғы қазақтың озық мәдениетін қалыптастыруымыз керек».
Осы орайда, ежелгі түркі мәдениетінің мол мұрасының алтын көмбесі болған, «Сыр елі – жыр елі» атанған өңіріміз өзіндік құнды мәдениетімізді сақтап, тәуелсіздік дәуіріне жеткізе білгені баршаға мәлім.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында мәдениет саласына аса мән беріп, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мәдениет және мұрағат ісі саласының басқару және негізгі персоналы қызметкерлерінің жалақысы (өңірлерде) 35 пайызға өсті.
Қоғамның барлық саласымен тығыз байланыс жасап, кез келген жағдайға икемделіп, тынымсыз еңбек етіп жүрген мәдениет қызметкерлері үшін бұл үлкен ынталандыру болды. Бүгінгі күні облысымыздың мәдениет және өнер қызметкерлері ұлттық өнерімізді ұлықтап, өскелең ұрпаққа дәріптеп, шет мемлекеттерге танытып қана қоймай, әлемдік мәдениеттің жауһарларымен үйлестіре білуде.
Былтыр Сыр елінде тұңғыш рет Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсы арнайы сахналанып, тұсаукесері өтті.Айтыстың Ақтаңгер ақыны Мұхтар Ниязов үш мәрте «Алтын домбыра» иегері атанып, жыл басында Алтын домбыра салтанатты түрде Сыр еліне әкелініп, облыстық тарихи-өлкетану музейіне құнды жәдігер ретінде қойылды.
Өткен жылдан бері әлемді шарпыған пандемия кезеңінде дәрігерлер адам денінің саулығына қызмет етсе, мәдениет қызметкерлері адам жанының рухани емшісіне айналды.Карантиндік жағдайларға қарамастан әлеуметтік желілерде рухани-танымдық жобаларды, концерттер мен спектакльдерді, экскурсия, лекция, танымдық сағаттар мен виртуалды көрмелерді онлайн режимде жүзеге асырып, халықпен байланысын үзген жоқ.
Саладағы биылғы табысты жаңалық – Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен мәдениет ұйымдары мен сала қызметкерлері арасында өткен «Рухани қазына – 2021» республикалық онлайн фестивалінде Сыр елінің өнер ұйымдары 3 номинация бойынша жүлдегер атанды:
1. «Үздік ауылдық мәдениет үйі, клубы» номинациясын Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақжар ауылының Сәрсенбай Бөртебайұлы атындағы ауылдық клубы;
2. «Үздік аудандық (қалалық) маңызы бар мемлекеттік балалар немесе жасөспірімдер немесе балалар мен жасөспірімдер кітапханасы» номинациясын Қармақшы аудандық балалар кітапханасы;
3. «Үздік аудандық (қалалық) маңызы бар мемлекеттік кітапхана қызметкері» номинациясын Қазалы аудандық орталық кітапханасының кітапханашысы Әбілтаева Айнұр Дауылбайқызы иеленді.
Осы ретте, өз жұмысын сүйіспеншілікпен дұрыс үйлестіре білетін мәдениет пен өнер саласының қызметкерлеріне Сыр жұртшылығының атынан айрықша алғысымды айтамын. Сыр елінің мәдениеті мен өнерін өрістету, руханиятын жаңғырту, ұлттық өнерімізді әлемге таныту бағытындағы еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын, шығармашылық жетістіктерге жете беріңіздер!
Сіздерге мықты денсаулық, күш-қайрат, отбастарыңызға бақ-береке, амандық тілеймін!Сыр елінің мәдениеті мен өнері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, жасай берсін!Мерекелеріңіз құтты болсын!