Аралдың жаңа әкімі жұмысты неден бастады?
Kyzylorda-news.kz. Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов аудан орталығындағы теміржол өткелінің жағдайымен және вакциналау жұмысының барысымен танысты.
Ең алдымен өңірдегі өзекті деген мәселеге назар аударған аудан басшысы көлік кептелісін және басқа да кедергілерді болдырмау үшін тиімді деп табылған аспалы көпір салуға таңдалған орындарға арнайы барды. Көпір құрылысын салуға ыңғайлы деп танылған үш орынмен жекелей танысып өткен аудан әкімі маңызды деген мәселелерге назар аудару керек екендігін жеткізді.
Айта кету керек, қазіргі таңда Арал қаласынан салынатын темір жол арқылы автомобиль көпірі құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Көпір құрылысының жоба сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін облыстық бюджеттен қаржы қаралып, бүгінгі күні мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Одан әрі аудан әкімі А.Байтұрсынов емханасына ат басын бұрып, қауіпті індетке қарсы вакциналау жұмыстарының жай-күйімен танысты. Вакциналау жұмыстарының барысын баяндап өткен Арал ауданаралық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Лаура Жанысқызы аудандағы денсаулық сақтау мекемелері, ондағы қажетті деген құрал-жабдықтардың қоры мен сала мамандары жайлы толыққанды ақпар беріп өтті.
Атап өтейік, ауданда жыл басынан бері коронавирус инфекциясына шалдыққандар саны 130-ды құрады. Қазіргі таңда провизорлық стационарда 15 адам ем қабылдап жатса, үй карантиніне алынғандар саны 13. Жалпы бүгінге дейін індетке қарсы 5938 тұрғын екпе қабылдаған.