ЖАС ӨНЕРТАПҚЫШТЫҢ ЖЕТІСТІГІ
Робот дегенді бұрын шетелік фильмнен ғана көретінбіз. Өмір бір орында тұрмайды, қазір оны өзіміздің озық ойлы оғландарымыз да құрастыруда. Осылайша, робототехника саласы оқушыларға жаңа технологиялық жетістіктермен танысуға, IT-технологияларды жылдам меңгеруге мүмкіндік беруде. Біздің аймақта да робототехникаға қызығушылық танытатын жас өнертапқыштар аз емес.
Облыс оталығындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқу¬шысы Шахмардан Махметқожа – осындай озық ойлы жастың бірі. Жасынан жаңалыққа жаны құмар өрен бірнеше мәрте облыстық, республикалық олимпиадаларға қатысып, техникалық көрмелерден жүлдемен оралды. Келешекте ол құлтемірді бағдарламалауды, инновациялық технологияларды одан әрі игеруді жоспарлап отыр.
– Біздің заманымыз – робототехника заманы. Осыдан бірнеше жыл бұрын ол көпшілікке мүлде таңсық дүние болатын. Қазір медицинадан бастап космонавтикаға дейін адамдар роботтың көмегіне жүгінеді. Төбеде қалықтап жүріп, айтулы мерекелік шараларды бейнеге түсіретін күрделі механизмді робот-дрондарға да көз үйренді. Менің арманым – осы саланың қыр-сырына толық қанығып, өнертапқыш атану. Қабілетімді арттыру үшін түрлі байқауларға қатысып, бағымды сынап жүрмін. Бұған дейін республикалық «WRO-2016» сайысына қатысып, қоқыс сұрыптайтын роботтың жұмысын таныстырдым. Ол гидравликалық негізде қоқысты сұрыптап, қажетті жәшіктерге бөліп тастауға көмектеседі. Бұл жоба қазылар алқасының ерекше қолдауына ие болып, ІІ орынды иелендім. «Казроботикс-2018» байқауының аймақтық кезеңінде «Күн батареясының тиімділігін арттыру» жобасын ұсындым. Онан жүлделі І орынды жеңіп алдым. Ал облыс орталығында жақында өткен «Hackday Kyzylorda-2017» идеялар фестивалінде де «Digital» командасымен бірге жүлделі ІІІ орынға жайғастық. Айта кетерлігі, роботты жалғыз өзің де құрастыра аласың. Дегенмен, оған біраз уақыт кетеді. Ал топ болып істесең, жұмыс əлдеқайда жеңілдейтінін байқадым. Робототехника – əмбебап өнер. Мұнда біреу болашақ роботтың дизайнын ойластырады, екінші адам компьютерлік бағдарламасын дайындай алады, – дейді жас өнертапқыш.
Шахмардан робот құрастыру үшін математика, физика, информатика пәндерін жетік білу керектігін айтады. Биологияның заңдылықтарын сақтауға да тура келеді. Мұның өзі білімге деген талпынысты арттыра түсері анық. Нақты кезеңде робототехника жастардың жан-жақты дамуына айтарлықтай әсер етуде. Бұл – білім саласына инновациялық технологияларды енгізуге күш салып отырған зияткерлік мектептің де жетістігі.