Облыс әкімінің орынбасары қазалылықтармен кездесті
Kyzylorda-news.kz. Облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет Қазалы ауданына жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен кездесті.
Әйтеке би кентінен салынып жатқан 600 орындық мәдениет үйіндегі кездесуге қоғам қайраткері, Қызылорда облысы мен Қазалы ауданының құрметті азаматы Самұрат Имандосов бастаған ақсақалдар мен еңбек ардагерлері, облыстық мәслихат депутаттары Ібайдулла Тілеп, Мнажадин Өтеев, аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, аудандық мәслихат депутаты Ғазиз Әліш қатысты.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қазалыда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Аудан басшысы қазіргі таңдағы өзекті мәселелерді облыс әкімінің орынбасары Серік Ахметтің назарына ұсынып, түйткілді мәселелердің тезірек шешімін табу қажеттігін тілге тиек етті.
«Қазіргі таңда Сырдария өзенінің «Қарлаң» өткеліне салынатын көпірдің жоба-сметалық құжаттары сараптамадан өтіп жатыр. Сараптамадан шыққан соң аудан халқы үшін маңыздылығы жоғары құрылыс жұмыстарын бастауға қаржы бөлуге ықпал жасауыңызды сұраймын. Сонымен қатар, жақын арада Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының екі аралығынан салынатын 12 пәтерлі 12 жалдамалы тұрғын үйлердің сараптама қорытындысының мерзімі аяқталуға жақын қалды. Сондықтан тез арада құрылысты бастап кету үшін қаржы қарастырылу қажет», – деді Мұхтар Әуесұлы.
Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет Сырдария өзеніндегі «Қарлаң» өткеліне арнайы барып, қазіргі жағдайын көзбен көрді.
Қазалы ауданына сапары кезінде облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет аудан әкімдігінен ашылған «Баспасөз орталығының» жұмысымен танысты.
Сондай-ақ, аудандық жастар ресурстық орталығының жұмысымен де танысты. Орталықтағы оңды істер мен атқарылған жұмыстарға өз бағасын беріп, жастарға ақыл-кеңестерін берді.