Қызылордада есірткіні жарнамалайтын граффити жазған азаматша ұсталды
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы мөлтек аудандардың бірінде көпқабатты үйлердің қабырғаларында есірткі заттарын жарнамалайтын электронды мекен-жайы көрсетілген граффити – жазбалар анықталды.
Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 299-1-бабының 1-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
Қылмыс орын алған аумақта сұрастыру барысында осы мөлтек ауданның тұрғындары бұл жазбалардың 8 мамыр күні таңғы сағат 4-5 шамасында пайда болғандығын мәлімдеген. Тексеру жұмыстарын жүргізу барысында бұл үйлерден бөлек, қала көлеміндегі басқа да мөлтек аудандардағы көпқабатты үйлердің қабырғаларына жазылғандығы анықталды.
Полиция қызметкерлерімен анықталған барлығы 110 дана «граффити» жазбалары бояу жолымен жойылды.
Жүргізілген жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Қызылорда қаласының 20 жастағы азаматшасының аталған қылмысқа қатыстылығы анықталды. Аталған азаматша өз жауабында әлеуметтік желілер арқылы тапқан курьерлік жұмысы үшін 70 000 теңге көлемінде сыйақы алғанын мойындады.
Қызылорда облысының Полиция департаменті ескертеді, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 299-1-бабына сәйкес есірткі заттарды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау үшін үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Осы баптың 2-бөлігінде:
1) алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
2) бірнеше рет;
3) білім беру ұйымдарында, сондай-ақ адамдар көп жиналатын объектілерде;
4) бұқаралық ақпарат құралдарын немесе электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып;
5) қызмет бабын пайдалана отырып жасалған дәл сол әрекеттер үшін 3 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатындығы көрсетілген.