Ажар Жақсылық: Латын әліпбиі – өркениет жолы
Kyzylorda-news.kz. Бүгінгі күн тәртібіне қойылған ең өзекті мәселенің бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру. Тарихи тамыры терең тұғырлы тілімізді түлетіп, санамызды сілкінткен, заманның өзі талап еткен бұл бастама көпшіліктің қызу талқысына түсті. Елбасымыз өз Жолдауында «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе.
Жаңа әліпбидің бізді жаңа мүмкіндіктерге, зор жетістіктерге бастайтыны сөзсіз. Себебі латын қарпі – ғылым мен техниканың, интернет пен IT-технологиялардың тілі. Латын әліпбиі рухани болмысымызды байытып, қоғамдық ой-санамызды жаңғыртады. Бұл әліпби қазақстандықтар үшін ғана емес, сонымен қатар төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен қандастарымызға да ортақ әліпби болмақ. Латын әліпбиі – түркі әлемімен ықпалдасудың төте жолы. Өз ерекшеліктерімізді сақтай отырып әліпбиді өзгерту тіліміздің халықаралық аренаға шығуына және ғылыми-техникалық прогрестің заманауи жетістіктеріне жол ашады, әлемдік мәдени тұтастықты нығайтып, коммуникациялық үдерістерге одан әрі интеграциялануға мүмкіндік туғызады. Ақпарат алу мүмкіндіктері кеңейіп, шет тілдерден енген сөздер ұлттық ерекшеліктерімізге қарай икемделетінін, көп ұлтты халқымыздың бірлігін одан әрі бекемдеп, бүкіл түркі әлемін біріктіруге күш салатынын да атап айту керек.
Латын жазуына көшу бүгінгі күннің кезек күттірмес қажеттілігі екенін, латын жазуы әлемдік өркениетке бағыттайтын күре жол болатынын қазақстандық әр азамат білуге тиіс.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өміршең бағдарламасындағы мемлекеттік тілді латын графикасына көшіру ұсынысын көпшілікпен бірге толық қолдайды. Біздің ұжым осынау игі істің басы-қасында жүруге әркез дайын.
Ажар Жақсылық,
Қызылорда облысы Әділет департаментінің бас маманы