Қызылордада «Әлеумет. Тұлға. Құндылықтар» атты І Халықаралық форум өтті
Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде өткен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Астана күні аясында ұйымдастырылған «Қазіргі сын-қатерлер, дәстүрлер мен инновациялар: «Әлеумет. Тұлға. Құндылықтар» атты І Халықаралық форумға қатысты.
Ауқымды шарада шетелдік және отандық жетекші ғалымдар, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері пікір алмасты. Бірқатар шетелдік ғалымдар жиынға онлайн байланыс арқылы қосылды. Форумның мақсаты – әлеуметтік-экономикалық факторлар мен рухани-өнегелік ерекшеліктерді ескере отырып, қазіргі қоғамның құндылықтарын талдау және аймақты одан әрі дамытуға ұсынымдар әзірлеу.
Аймақ басшысы жиында қазіргі қоғамның құндылықтары мен облыстың әлеуметтік-экономикалық факторлары талданып, тың ғылыми тұжырымдар жасалатындығына сенім білдірді.
«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Алаштың анасына балаған Сыр өңіріне қош келдіңіздер! Сыр өңірі – белгілі бір дәстүрдің ғана жеке дамыған жері емес, сан түрлі тарихи оқиға мен көзқарастар бір мүддеге тоғысқан өлке. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Барымыз да, бағымыз да – Тәуелсіздік», – деп айқындай түсті. Әлемде белең алған пандемияның жаһандық экономикаға, сондай-ақ еліміздің экономикасына кері әсерін тигізгені белгілі. Сондықтан тез өзгерістерге бейімделетін қазіргі жаһандану заманында коронавирус пандемиясы жаһандық қоғам үшін бұрын-соңды болмаған сын-тегеурінге айналды.
Бүкіл әлемнің даму үрдісі ретінде жаһан жылдамдығы одан әрі күшейтіп, аса күрделі құралдар мен жабдықтар дамып келеді, әлеуметтік-саяси жүйе өзгеруде. Осы құндылықтар өзгерістері мен жаңалықтардың барлығы еңбек нарығына әсер етіп, оған жағдай жасайды. Демек мұндай өзгерістерден кейін жұмысқа қойылатын және тұлға факторына қатысты талаптар да өзгереді. Сыр өңірінде отбасы институтындағы дәстүрлі мәдени құндылықтарға негізделген қарым-қатынастар қазіргі қоғам аясындағы жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайлармен үйлесе отырып, дұрыс бағытта дамып келе жатыр», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Форумның модераторы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова оқу орнында еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандықтарды дайындау мақсатында университеттің профессор-оқытушылар құрамы үшін жаңа дағдыларды игеру, цифрлық біліктіліктерін арттыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқандығын айтты.
Мұнан бөлек форумда ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы басшысы Артур ван Дизен «Халықаралық стандарттарды ескере отырып, балалықты қорғау мәселелері» тақырыбында, шетелдік ғалымдар, Гази Түрік университетінің профессоры Ченгел Хулия «Тәуелсіздіктің 30-жылында Түркия мен Қазақстанның мәдени байланыстары» тақырыбында, П.А. Столыпин атындағы Поволжье басқару институтының профессоры Александр Неверов «Қоғамды цифрландыру жағдайында құндылықтарды қалыптастыру және тұлғаны дамыту ерекшеліктері» тақырыбында және Борнмут Университетінің Phd докторы Вячеслав Филимонов «Туризмдегі әйелдер кәсіпкерлігі өңірлік даму мен кедейшілікпен күрес құралы ретінде: Өзбекстандағы Арал теңізі аймағының мысалында» тақырыбында баяндама жасады. Ал, еліміздің жетекші ғалымдары мен саясаткерлері экономикалық және әлеуметтік қызметке ғалымдарды тарту саласында жобалар мен бастамаларды іске асыруға бағытталған әрекеттерді және Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ғаламдық және аймақтық интеграциялық бірлестіктердің бастамаларын жүзеге асырудағы қауымдастықтардың белсенді рөлі жайлы өз пікірлерін ортаға салды.