Қызылордада «Н.Назарбаев: болашақ бүгіннен басталады» атты ғылыми-практикалық конференция өтті
ҚР Тұңғыш Президентінің Кітапханасы ұйымдастырған «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» жылжымалы көрме жобасы аясында Қызылордада «Н. Назарбаев: Болашақ бүгіннен басталады» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Шара барысында жастарды қолдау және жан-жақты дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлады Kyzylorda-news.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Конференцияның пленарлық отырысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының егемен еліміздің қалыптасуына, оның ішінде, Сыр елін қолдаудағы ерекше рөлін атап өтті.
«Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалап, шекарасын шегендеп, болашаққа бағыт-бағдар берген, жер-жаһанға танытып, бүгінгідей беделді әрі қуатты мемлекетке айналуымызда – Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі, әрине, ұшан-теңіз. Сондықтан болар, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуын Елбасы есімімен тікелей байланыстырамыз. Ол – заңдылық!», - деп атап өтті аймақ басшысы.
Өз кезегінде, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов қызылордалықтарға шін алғыс білдіріп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Пленарлық және секциялық отырыстарда қазіргі қоғамда өскелең ұрпақты тәрбиелеу әрі оқыту және жастар бастамаларын қолдау мәселелері қаралады.
Естеріңізге сала кетейік, кеше облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі және Н.Бекежанов атындағы музыкалық-драма театрында концерт ұйымдастылды.