Қызылордада «Елорда – ел жүрегі» атты ғылыми конференция өтті
Kyzylorda-news.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Астана күніне арналған «Елорда – ел жүрегі» атты ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция өтті.
Конференцияның мақсаты – Елбасының мемлекет астанасын көшіру идеясын, Елорданың жаңа мекенге қоныстануы, өсуі мен өркен жаю тәжірибесін саралап, ел тарихындағы мәні мен маңызын ой елегінен өткізу және мемлекеттің стратегиялық даму бағдарламаларын жүзеге асырудағы маңызын ашып көрсету, сонымен қатар, жас ұрпақты отансүйгіштік сезімге тәрбиелеу.
Аталған шараға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары, профессор-оқытушылары мен білім алушылары, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, БАҚ өкілдері қатысты.
«Еліміздің басты ордасы – төрткүл дүниеге әйгілі, еңсесі биік, мәртебесі жоғары, береке-бірлігі, сәні мен салтанаты жарасқан еліміздің жүрегі Нұр-Сұлтан қаласы бүгін әлем қызыға көз тіккен мегаполиске, әлемдік кездесулер алаңына айналды. Елордасын жүрегіне балаған Қазақстанның мақсаты-айқын. Ол-әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына ену. Мұраты-асыл. Ол-Мәңгілік ел болу. Жахандық сын-қатерлерге лайықты жауап беріп, шыңдалған жасампаз еліміз жарқын болашаққа нық қадам басып келеді. Туымыз тұғырлы, еліміз ғұмырлы болсын!»,- деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова.
Жиын барысында Қызылорда облысының «Рухани жаңғыру» орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты – Уалихан Серікұлы«Астаналардың тарихи миссиясы» тақырыбында баяндама жасады. Тарих және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы – Тастанбек Яхияұлы «Нұр-Сұлтан және Түркістан: рухани сабақтастық үлгісі» тақырыбына тоқталды. «Нұр-Сұлтан қаласының саяси- стратегиялық маңызы» тақырыбын университеттің Философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті, саяси ғылымдар кандидаты – Ербол Мүбаракұлы Абенов қозғады.