Алдағы үш күнде ауа райы қандай болады?
Kyzylorda-news.kz. Қазақстан бойынша 8-10 шілдеге арналған ауа райы болжамы жарияланды.
«Каспий теңізінің солтүстігінде қалыптасқан циклон және онымен байланысты фронтальды бөлімдер 8-10 шілде аралығында Қазақстанның бүкіл аумағын қамти отырып, солтүстік-шығыс бағытқа ығысатын болады. Осыған байланысты батыста, солтүстік-батыста, солтүстікте, орталықта және шығыста қатты жаңбыр жауады, олар найзағай, бұршақ, екпінді желмен бірге жүреді», – делінген хабарламада.
Батыста ауа температурасы түнде +13+23℃ дейін жылынады, ал күндіз +23 +32℃ дейін, республиканың солтүстігінде, солтүстік-батысында түнде +10+21℃ күтіледі, күндіз термометр +20+28℃ температураға жетеді. Елдің орталығында және шығысында түнде +13+23℃, күндіз +25+37℃, ал Қазақстанның оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында түнгі температура +18+25°С, күндіз +30+42°С болады.