Қызылордада Ұлттық халық санағына дайындық қалай?
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен 2021 жылғы Ұлттық халық санағының дайындық барысы және мемлекеттік органдарға жобалық басқаруды енгізу туралы туралы жиын өтті.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Мариям Баекеева баяндама жасады.
Облыста халық санағына байланысты жұмыстар кезең кезеңімен атқарылуда. 1-30 маусым аралығындағы ұлттық халық санағының I кезеңіндегі Тұрғынжайлар, тұрғын үйлер (тұрғын ғимараттар) және тұрғын емес үй-жайлар тізімдерін жасау жұмыстары толығымен аяқталды.
Санақтың I кезең жұмыстарына ағымдағы жылдың 4 мамырынан 42 нұсқаушы, 25 мамырдан бастап 24 нұсқаушы-бақылаушылар және 1 маусымынан 164 сұқбатшылар уақытша жұмысқа тартылды.
2021 жылғы Ұлттық халық санағының I-кезеңін өткізу қажеттілігі мен маңыздылығы туралы өңірлік телеарналардан ақпараттық видеороликтер көрсетілуде. Санақ жұмыстарына облыстық «Жастар ресурстық орталығында» жұмыссыз тіркелген жастар мен студенттер тартылды.
Санақтың II-кезеңі 1қыркүйектен – 30 қазан аралығында жүргізіледі. 1 қыркүйектен 15 қазан аралығында онлайн режимінде, 1-30 қазан аралығында планшет құрылғысымен ұйымдастырылады. Облыс көлеміндегі барлық мемлекеттік органдарды онлайн-санақтан қалай өту керектігі туралы оқыту семинарлары да жүргізілетін болады.
Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова Ұлттық халық санағын өткізу іс-шара жоспарынан туындайтын жұмыстарды ұйымдастыруды қамтамасыз етуді, 2021 жылғы 1 қарашаға дейін медиа-жоспарға сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуді, 2021 жылдың 1 қазанға дейін жұмыспен қамту орталықтары арқылы санақ персоналын жасақтауды және барлық ауылдық округтердің мемлекеттік органдардың бірыңғай транспорттық орталығының арнайы қорғалған каналдармен, байланыс жүйесімен, санақ учаскелерін қажетті құрал жабдықтармен қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, 2021 жылдың 1 қарашаға дейін шет ел азаматтарымен санақ жүргізу барысында оларды қажетті аудармашылармен қамтамасыз ету қажет екенін айтып, жасақталған санақ персоналдарын вакцинациялау және оларды жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуді үйлестіруді жүктеді. Мұнымен қоса, облыс әкімі Санақтың 2-ші кезеңін тиісті деңгйде ұйымдастыру қажет екенін баса айтты.
Жиында облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай мемлекеттік органдарға жобалық басқаруды енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тізбектеді.
Жобалық басқару аясындағы қызметті реттейтін нормативтік-құқықтық актілер қабылданды. Осыған байланысты өңірде жобалық басқару тәсілін мемлекеттік органдарға ендіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда барлық мемлекеттік органдар Ұлттық жобалық кеңсе ұсынған «Easyproject» ақпараттық жүйесін қолдануда.
Күн сайын ақпараттық жүйеде жобаларды қамтудағы өңірлердің белсенділігі және оларға мониторинг жүргізу мен бақылаудың дұрыстығы көрсетілетін дашборд түріндегі кестелер ұсынылады. Бүгінгі таңда жобаларды қамту және мониторинг нәтижесіне сәйкес Қызылорда облысы республика бойынша үшінші орында. Ағымдағы жылдың 2 шілдесінде Үкіметтің жобалау орталығы мен Республикалық жобалау офисінің ұйымдастырған семинар-кеңесінде Қызылорда облысының өңірлік жобалау офисі сапалы жұмысын көрсетті.
Облыс әкімі Үкімет мемлекеттік органдарға жобалық басқару жүйесін енгізу және дамыту міндетін қойғанын назарға салып, ағымдағы жылдың 15 шілдесіне дейін өңірдің жобалық басқару регламентін бекіту үшін базалық бағыттарды іске асыру тобының басшыларын бекітуді, жетекшілік ететін базалық бағыттағы жобалар топтары басшыларының, бас менеджерлердің және әкімшілердің тиісті базалық бағытты іске асыру тобымен скрам-кездесулер кестесіне сәйкес аптасына кемінде 1 (бір) рет қатысуын қамтамасыз етуді жүктеді. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 15 шілдесіне дейін бас менеджер рөлінде бір қызметкерден, базалық бағыт бойынша әкімші ретінде 6 қызметкерді бекітіп, жобалық басқарудың қазақстандық стандарты бойынша сертификаттауға оқыту міндетін қойды. Ұлттық Конкурсқа қатысу үшін барлық тиісті құжаттарды Қызылорда облысы әкімдігінің жобалау офисіне ұсынуды тапсырды.
Жиынды қорытындылай келе, аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова жиында айтылған тапсырмалардың орындалуын бақылауды орынбасары Нұрлан Тілешевке жүктеді.