КӨКТАЙҒАҚТА ЖОЛҒА 300 ТОННАДАН АСТАМ ТҰЗ ТӨГІЛДІ
Апта басында Қызылорда қаласында жаңбыр жауып, соңы қарға ұласты. Көктайғаққа байланысты бастауыш сынып оқушыларына сабақ тоқтатылды. Ауа райының қолайсыздығы жол қозғалысына да кері әсер етуде, деп хабарлайды kaztrk.kz.
Сол көктайғақта қала ішіндегі қоғамдық көлік аударылып, ішіндегі 15 жолаушы түрлі жарақат алды. Екі адам ауруханаға жеткізіліп, оларға алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілді. Бұған қоса, таң атқанға дейін облыстық медициналық орталыққа мұзға құлап, зардап шеккен 78 адам келген. Қала көшелері түннен бері тазартылып жатыр. Барлық коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
"Түнгі үшке дейін 16 техника жұмылыдырылды. Таңғы 5-6-дан бастап, қазіргі уақытта 180 адам қамтылып отыр. 44 арнайы техника, 336 тоннадай тұз төгілді. Жаяу жүргінші жолдарына да тазалау жұмыстары жүріп жатыр", - деді қалалық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Сәрменбаев.