ЖАПОНИЯДА АУА РАЙЫНЫҢ КҮРТ СУЫТУЫНАН 15 АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ
Жапонияның солтүстігінде ауа райының күрт суытуы салдарынан 222 адам ауыр жарақат алып, 15 адам мерт болды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі РИА Новости сайтына сілтеме жасап.
Фукуи, Ниигате және Тояме – үш префектурасында қалың қар салдарынан 15 адам қаза тапты. Хонсю аралының солтүстігінде және Жапония теңізінің жағалауында ауа райының күрт суытуына байланысты 222 адам әртүрлі сипаттағы жарақат алды. Олардың көпшілігі үй шатырында қар тазалап жүріп құлаған.
Әзірге тұрғындар шатырға жауған қарды өздері тазалауға мәжбүр болып жүр. Сәрсенбідегі ақпарат бойынша Фукуидағы қардың қалыңдығы — 2,78 метр, Ниигатедегі — 2,5 метр және Тоямедегі қардың қалыңдығы — 60 сантиметр.