Мейрамбек Абдукаримов: Мақсат – саладағы қызмет сапасын арттыру
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметіне арнайы мониторинг жұмыстары жүргізілді. Мақсат медициналық-әлеуметтік мекемелердегі көрсетілетін қызметтердегі кемшіліктерді анықтап, саладағы қызмет сапасын арттыру. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мейрамбек Абдукаримов мәлімдеді.
Тексеру кезінде медициналық қызметтер көрсету, дәрі-дәрмектерді сатып алу мен дәрілік формуляр бекіту, әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым объектілеріне қол жетімділік, табиғи өнімдерді алмастырғыштармен ауыстыру бойынша кемшіліктер анықталған.
Мәселен, орталықта желдеткіштер орнатылмаған, сыртқы спорт алаңы да жоқ. Мониторинг жұмыстарынан соң, аталған жұмыстарды жүргізуге ұсыныстар берілген. Қазіргі таңда спорт алаңын салуға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Желдеткіштер орнатудың жобалық сметалық құжаттарын әзірлеуге 2,9 млн. теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылды. Сондай-ақ, облыстық бюджетке орталық ғимаратындағы пандусты қалпына келтіру жұмыстарына да қаржы бөлуге өтінім жіберілген.
Айта кету керек, кезекті тексеріс тамыз айында осы орталықтың күндізгі бөлімшесінде жүргізу жоспарлануда. Өткен жылы мониторингтік тексерулер арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығында жүргізілген болатын.