Ғалымбек Жақсылықов: Жалған жұмыс орындары ашылуы мүмкін
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыстық Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелендіруге арналған мемлекеттік бағдарламаларда жұмыс орнын ашу міндеттемесін қайта қарауды ұсынуда. Бұл туралы Палата директоры Ғалымбек Жақсылықов айтты.
Палата басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелердің бірі еңбек өнімділігінің төмендігі екендігіне тоқтала келе, статистикалық деректерді де келтіріп өтті. Мәселен, аталмыш салада еліміз бойынша 1,1 млн. адам жұмыс жасайды екен. Бұл жұмыспен қамтылған азаматтардың 13 %-ын құрайды. Сөйте тұра жалпы ішкі өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі 5,3 %-ы құрайды.
Бүгінде Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігі бір адамға 5 мың долларды құрап отыр. Бұл көрсеткіш Беларуссияда 33,5 мың доллар, Ресейде 18,4 мың доллар, ал дамыған елдерде 90 мың долларға дейін жетеді екен.
Ғалымбек Жақсылықов өнімділікке қатысты тапсырманы Мемлекет басшысы да өткен жылғы халыққа арнаған Жолдауында көтеріп, ауыл шаруашылығы министрлігіне жергілікті әкімдіктермен бірге ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру бойынша нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма бергенін де айта келе саладағы мәселелерге тоқталды.
«Еңбек өнімділігін арттыру бойынша қабылданатын шаралар аясында қазіргі заманғы технологияларды енгізу мен дамытуды ынталандырудан өзге мемлекеттік бағдарламалардың негізгі міндеттерін қайта қарау қажет. Іс жүзінде жеңілдікпен несиелендірудің бірқатар мемлекеттік бағдарламалар, әсіресе ауылдық жерлерде жүзеге асырылатындары еңбек өнімділігін арттыруға емес, жұмыспен қамтылушылардың санын өсіруге бағытталған», – дейді Палата директоры.
Ғалымбек Жақсылықов бұл мәселені көтеруге «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы жеңілдетілген несие алған жас азаматтың кездескен проблемасы түрткі болғанын жеткізді.
Жас кәсіпкер мал өсірумен айналысу үшін аталмыш қаржы ұйымынан 2 млн.теңге несие алып, 8 ірі қара мал сатып алған. Келісім шарт бойынша кәсіпкер тұрақты 2 жұмыс орнын ашуға міндеттеледі.
«Сонда 8 бас малды бағу үшін 3 адам, яғни кәсіпкерімізден өзге жаңадан алған 2 адамы жұмыс жасау керек екен. Осы жерде заңды сұрақ туындайды. Қаржы институтының қызметкерлері жобаның қаржылық-экономикалық тиімділігін қалай бағалады? Мұндай талаппен несиені жабу және 2 жұмысшыға жалақы төлеу үшін ет бағасы қанша болуы керек? Мұндай талаптармен ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін арттыру мүмкін емес қой», – дейді Кәсіпкерлер палатасының басшысы Ғалымбек Жақсылықов.
Қаржы ұйымы бүгінде кәсіпкерге келісім-шарт талабын орындамағаны үшін айыппұл салатындығы туралы ескертпе хат жолдаған. Мәселе айыппұлмен де шешілмейді екен. Кәсіпкер айыппұлды да төлеу керек және келісім шарт бойынша 2 тұрақты жұмыс орнын ашу жөніндегі міндетемесін де орындау қажет.
«Біздің кейіпкеріміз бұл талапты орындай алмайтындықтан мерзімінен бұрын барлық несиені толық төлеп тастаған. Алайда мұндай талаптардан кейін көптеген басқа кәсіпкерлер амалсыздан мәселені шешудің түрлі жолдарын іздей бастайды. Жұмыссыздарды отбасы мүшелері, туыстары мен таныстарының арасынан іздейді. Осылайша жалған жұмыс орындары да құрылып, ауылдық жерлердегі жұмыссыздардың статистикалық жұмыспен қамтылуын арттыруы мүмкін. Бұл жағдай ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерді заңды бұзуға мәжбүрлері анық», – дейді Ғалымбек Жақсылықов.
Директор мәселенің шешімі ретінде Палатаның ұсынысын да атап өтті.
«Мемлекеттік бағдарламалар мен кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жоспарларын әзірлеу барысында жұмыспен қамтылғандар санын көбейтуге емес, еңбек өнімділігін арттыруға назар аудару керек. Ал біздің кәсіпкеріміздегі жағдайға қатысты, бұл бір кәсіпкердің ғана мәселесі емес қой. Мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алғандардың басында бар жағдай. Сондықтан да қолданыстағы келісім-шарттағы талаптарды қайта қарау керек. Ол үшін жобаның қаржылық-экономикалық тиімділігін бағалау арқылы жұмыс орны санын анықтауды ұсынамыз», – деді Палата басшысы.
Кәсіпкерлер палатасының директоры жұмыспен қамтуға қатысты мәселені шешу үшін заңсыз жұмыспен қамтылғандарды «көлеңкеден» шығару бойынша шаралар қабылдау қажет деп санайды. Ол үшін жалақы қорына жоғары жүктемені азайту керек.
Кәсіпкерлер палатасының бұл ұсынысын Орталық аппарат құп көріп, жан-жақты зерттеп жатыр екен. Мұнан өзге, жүйелі шешуді қажет ететін кәсіпкерлер проблемасының республикалық ресстріне де енгізіліпті.