Қызылордада кәсіптік білім алған 948 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды
Kyzylorda-news.kz. Бұл туралы Кәсіпкердер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов бизнес-қауымдастық алдындағы есепті кездесуінде айтты.
Палата басшысы 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қысқамерзімді кәсіптік оқыту процесі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Реестріне енген оқу орталықтарының өндірістік алаңдарында өткізілетіндігін айтты.
«Жұмыс жасап тұрған кәсіпорынның жағдайында жұмысшы кадрларды дайындау қысқа мерзімде сапалы, білікті жұмысшы мамандарды дайындау мүмкіндігін береді. 2017 жылы реестрге кәсіпорындардың жанында ашылған 8 оқу орталығы енген болса, 2019 жылы мұндай оқытатын кәсіпорындардың саны 19-ға, жеке оқу орталықтар - 7, ал колледждер саны - 4-ке жетті. Барлығы реестрге 30 оқу орталығы еніп, қысқамерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастыруға мүмкіндік алды. Айта кету қажет, оқу орталықтарында оқыған азаматтардың жұмыспен қамтылу деңгейі 60 пайыздан төмен болған жағдайда, оқу орталығы қысқамерзімді оқытуға қатыспайды», - дейді Ғалымбек Жақсылықов.
Палата директорының айтуынша, өткен жылы облыстан 2194 азамат жұмыспен қамту орталықтары арқылы қысқамерзімді оқытуға 22 оқу орталығына жіберілген. Оның 2054-і оқуын сәтті аяқтап, біліктіліктерін дәлелдеген. Бүгінгі күнге тұрақты жұмыс орнымен қамтылған азаматтар саны 948. Сонымен қатар осы мемлекеттік бағдарлама аясында бітірушілер мемлекеттік қайтарымсыз қаржы алу үшін қорғауға қатысып, өз кәсібін бастауға мүмкіндік ала алады. Мәселен, 2019 жылы қысқа мерзімді оқытудан өткен 859 азаматтың жобасы қолдау тауып, 365 млн.теңге қайтарымсыз қаржы алған.