Қызылордада жыл басынан бері балалар арасында 9 оқыс оқиға тіркелді
Kyzylorda-news.kz. Жыл басынан бері облыс көлемінде балалар арасында 9 оқыс оқиға тіркелді.
Оның ішінде 8 жағдай Қызылорда қаласында орын алса, 1 дерек Шиелі ауданына тиесілі. Салдарынан 2 – 6 жас аралығындағы 7 бала зардап шегіп, 2 бүлдіршін қаза болған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Саид Молдақараев мәлімдеді.
«Балалардың терезеден құлау фактісінің басты себебі ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы. Мұндай жағдайлардың алдын-алу мақсатында мамыр айында «Балалардың қауіпсіздігі» тақырыбында акция өткізілді. Акция аясында 35 жағдайы төмен, көп балалы отбасыларына терезе ашылуын шектететін блокиратор орнатылды. Сонымен қатар Қызылорда қаласы және жақын орналасқан елді-мекендерге орнатылған дабылды-дауыс зорайтқыш қондырғысымен күнделікті сағат 11:00 және 19:00-де көпқабатты тұрғын үйлерге жақын орналасқан 10 нысан арқылы «Көп қабатты тұрғын үйлердегі балалардың қауіпсіздігі» тақырыбында құлақтандыру жұмыстары жүргізілуде», – деді Саид Шазындаұлы.