Арал: Сексеуіл кентінде 300 орындық мектеп ашылды
Kyzylorda-news.kz. Жаңа оқу жылында Арал ауданының Сексеуіл кентінде 300 орындық мектеп салтанатты түрде ашылды.
Білім ошағы Президент тапсырмасы негізінде салынып, ел игілігіне берілді. Екі қабаттан тұратын мектеп халықаралық стандарт бойынша тұрғызылған. Нысанда 20 сынып кешені, спорт зал, мәжіліс залы, кітапхана, асхана және автотұраққа дейін қамтылған. Оқу жылында 442 оқушы білім алады. Оның 40-ы мектеп табалдырығын алғаш аттады. Білім ордасындағы ұстаздардың 100 пайызы коронавирустық инфекцияға қарсы екпенің толық салған. Сонымен қатар, білім ошағында санитарлық-дезинфекциялық шаралар қатаң сақталған.
Айта кетейік, Сексеуіл кентінде 15 мыңға жуық тұрғын бар. Кент орталығы үстінен темір жол торабы өтеді. Мұндағы 3 мектептің барлығы темір жолдың бір жақ бетінде орналасқандықтан арғы бетте тұратын оқушылар шойын жолды кесіп өтуге мәжбүр болды. Енді жаңа мектеп бұл қиындықтарды артта қалдырды. Осылайша, Сексеуіл кентіндегі 4 білім ошағы орын тапшылығын толық жойды. Бүгіннен бастап өңірдегі оқушылар оқуды дәстүрлі форматта бастады.
Ұстаздар мен ата-аналар мектепке «Ашық» қосымшасы арқылы кіреді. Ал, оқушылар 5 сатылы дезинфекциялық тексерістен өтіп барып, мектепке кіре алады. Қарым-қатынасты шектеу үшін «1 сынып-1 кабинет» қағидасы енгізілген. Яғни оқушылардың қоңырауда топтасып қалуына жол берілмейді. Еске салайық, биыл Сыр елінде 6 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Оның 3-уі 1-қыркүйекте берілсе, қалған 3-уі жыл аяғында табысталады.