«Тұлпар мініп ту алған»: Аралдық оқушы жеңістен үмітті
Kyzylorda-news.kz. Ертеден келе жатқан жыршылық дәстүрді жандандырып, тарихи мол мұрамызды ұрпақ санасында жаңғырту мақсатында қолға алынған «Тұлпар мініп ту алған» байқауы биыл да жалғасын тапты. Дәстүрге айналған бәсекені Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында «Qazaq Epos» қоғамдық қоры ұйымдастырады.
Биылғы ережеге сәйкес Едіге батыр жырын толық жаттап алған Арал ауданы Шөміш елді мекеніндегі №263 мектептің 6 класс оқушысы Қарақат Көпперген де аудандық кезеңге қызу дайындалып жатыр. Дайындықты жаз айынан бастаған ол жеңістен үмітті.
«Мен бала күнімнен ертегі оқып, жыр жаттауға құмар болдым. Сондықтан көлемді жырларды жатқа айту маған қиынға соқпайды. Қазір де мектепте үздіктер қатарындамын. Биыл ұйымдастырылып жатқан «Тұлпар мініп ту алған» байқауының шарты бойынша Едіге батыр жырын толық жаттап алдым. Ұстазым Айнагүл апаймен дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», – дейді Қарақат Көпперген.
Аталған байқауда Арал ауданынан 30 оқушы бағын сынап көреді. Қатысушылар қосымша Алтын Орда мемлекетінің тарихи оқиғаларына қатысты сұрақтарға жауап беріп, жырда кездесетін көнерген сөздердің мән-мағынасын түсіндіруі тиіс.
«Бұл жарысқа алғаш қатысып жатырмыз. Оқушым Қарақат екеуміз дайындықты жаз айларының басында бастап кеттік. Қазіргі таңда Едіге батыр жырын толық жаттап үлгердік. Байқауда қосымша берілетін тапсырмаларға дайындалудамыз. Өскелең ұрпақты халқымыздың рухани асыл мұрасымен сусындатып, ерлік пен намысты ту еткен тарихымызды таныту үшін ұйымдастырылған мұндай шаралардың шоқтығы биік», – дейді қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Айнагүл Күзенова.
Айта кетейік, байқаудың жүлде қоры да қомақты. Шәкіртін бәйгеге қосқан ұстаздарына да екі есе көп қаржы беріледі.