«Тұлпар мініп, ту алған!» байқауына Қазалыдан 340 оқушы қатысты
Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтудан «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының аудандық іріктеу кезеңі өтті. Оған аудан мектептерінде 6-10 сыныпта оқитын 340 оқушы қатысып, өз бақтарын сынады.
Байқауда «Қобыланды батыр» жырының 132 бет 5206 жолдан тұратын Марабай жырау нұсқасын жатқа айтқан 20 оқушы екінші кезеңге жолдама алды. Бұл сында Қазалы ауданы бойынша төмендегі оқушылар жеңімпаз атанып, облыстық кезеңге жолдама алды.
I орын иегері – Аяулым Әзен, жетекшісі Майра Омарова;
II орын иегері – Гүлзира Қонысбай, жетекшісі Гүлфайруз Әлішева;
III орын иегері – Гауһар Әзен, жетекшісі Жадыра Көшекпаева.
Аяулым Әзен – Әйтеке би кентіндегі білікті ұстаз Нұрлан Имашев басшылық жасайтын №170 мектептің 9-сынып оқушысы. Бұл байқауда үшінші орын алған Гауһар Аяулымның туған сіңлісі.
Қазалылық талантты шәкірттердің облыстық кезеңде үздік атанып, республикалық байқауда топ жаруына тілектеспіз!
Еске сала кетейік, «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының жеңімпазына 1 миллион теңге табысталатын болады.