Қызылорда: Мемлекет қолдауы кәсіпкерлер қатарын көбейтуде
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында шағын және орта бизнес нысандарының қатары жыл санап артып келеді. Мемлекеттің қолдауын тиімді пайдаланған қызылордалық кәсіпкерлер өз істерін бастап, жұмыссыздар санын азайтуға үлес қосуда.
Шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жұмыстар Қызылорда облысында жүйелі түрде жүргізілуде. Кәсіпкерлікті қолдау мен жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде бірқатар нысандар ашылып, бизнес өкілдерінің саны артып келеді. Осыған орай, жеке кәсібін ашып, тұрғындарды сапалы өнімдермен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерлердің бірі – Бибігүл Қожантай.
Кәсібін 2019 жылы ашқан кәсіпкер бүгінде жартылай фабрикат өндірісімен айналысып келеді. Алдағы уақытта «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымынан өндіріске қажетті жабдықтар мен жүк автокөлігін алу үшін жеңілдетілген несие алуды жоспарлауда.
Кәсіпкердің басты мақсаты – облыс тұрғындарына сапалы өнімдер өндіру арқылы, кәсіпкерлік саласының дамуына өз үлесін қосу.
Қазіргі таңда, аталған кәсіпорын 10-15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұнда күніне 150 келі өнім өндіріледі. Тұтынушылардың сұранысына орай алдағы уақытта өнім түрлерін көбейту де жоспарланған.