Қазалы ауданының әкімі қырман басына барды
Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданында егін жинау науқаны өз мәресіне жетіп қалды. Бүгінде аудан диқан-механизаторлары өздері күтіп-баптап өсірген Сыр салысын төкпей-шашпай жинап алуда.
Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев «Рза – Агро» мен «Сыр маржаны» ЖШС-ның қырмандарына арнайы барып, күріш ору жұмыстарының барысымен танысты.
Аудан басшысы алдымен Ақтан батыр ауылындағы «Сыр маржаны» ЖШС қырманына жол тартты. Мұхтар Әуесұлын қырман басында серіктестік директоры, облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев өзі күтіп алып, күзгі жиым-терін барысында атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.
«Серіктестік диқандары биылғы жылғы егілген Сыр маржанын төкпей-шашпай, ысырапсыз шаруашылық қоймасына жинап жатыр. Бұның барлығы ерте көктемнен бастау алып, жаз айларында, шіліңгір шілденің аптапты ыстық күндерінде тер төге еткен ерен еңбектің арқасы деп білеміз», – деген шаруашылық басшысы қазіргі таңда орын алған қиыншылықтар жөнінде де айтып өтті.
Ғ.Мұратбаев ауылындағы «Рза – Агро» ЖШС-ның қырманында да қызу жұмыстар жүріп жатыр.
Қызу жұмыстар жайында серіктестіктің бас агрономы Нұрлан Наурызбаев айтып берді.
Оның айтуынша «Рза – Агро» ЖШС 2187 гектар жерге күріш еккен. Олардың арасында «Лидер», «Янтар», «Преммум» және жергілік «Сыр сұлуы» сорты бар. Күріш оруды 15 қазанда, бастыруды 17 қазанда аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Күріштің өнімі жаман емес. Гектарына орташа 50 центнерден шығуда.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қырман басында тынымсыз еңбек етіп жатқан жұмысшыларға сәттілік тілеп, егілген ел несібесін дер кезінде жинап алуға тілектестігін білдірді.