Қазалының Ақтан батыр ауылында егін жинау науқаны басталды
Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданы Ақтан батыр ауылында «Сыр Маржаны» ЖШС егін жинау науқанын бастады. Шараға аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Самұрат Имандосов, аудандық мәслихат депутаттары мен еңбек ардагерлері қатысты.
Егіс алқабына келген қонақтарды аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай жұмыс нәтижесімен таныстырып, егін орағына дайындық мәселелерін тілге тиек етті. Оның айтуынша, биыл ауданда ауыл шаруашылығы дақылдары барлығы 17508 гектарға егілген. Оның ішінде дәнді дақылдар көлемі 7093 гектарды құраса, майлы дақылдар 614 гектар, бақша өнімдері 2250 гектар, сондай-ақ мал азығы дақылдары 7551 гектарды қамтыды. Басты дақыл саналатын күріш 6225 гектарға егілген. Күріш сұрыптары бойынша: янтарь – 2580 гектар, лидер –1870 гектар, фаворит –1163 гектар, титан – 463 гектар, новатор –176 гектарға жеткізілген.
Шаруа қожалықтары күріштен бітік өнім алу жолында 4900 гектар жерге үстеп қоректендіру шараларын жасап, 5550 гектар аймақ арам шөпке қарсы химиялық өңдеуден өтті.
Күріш орағына биыл 308 ауыл шаруашылық техникасы тартылатын болады. Олардың ішінде 58 комбайн, 52 жатка, 138 трактор, 11 жүк көлігі жұмылдырылады. Машина-трактор паркі жаңа талапқа сәйкес келетін 25 дана техникамен толықтырылған.
Күріш орағына қатысатын көліктердің жүктемесі алдын ала есептеліп қорытынды жасалды. Күніне 320 гектар жерді орып алуға мүмкіндігі бар комбайндар бас-аяғы 25-30 күннің ішінде мақсат қылған мәреге жете алады. Күзгі дала жұмыстарына аудан бойынша мемлекет тарапынан арзандатылған 405 тонна дизель отыны бөлінген.
«Сыр маржаны» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Мінәжадин Өтеев жиналғандарға серіктестік ұжымының күзгі егін жинау науқанына дайындығы мен алдағы міндеттері туралы баяндады.