Гүлшара Әбдіқалықова: Әйелдерді экономикаға тарту процесінің кешенді мәселелері менің тұрақты бақылауымда
Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі депутат әйелдер қауымымен кездесіп, аймақты дамыту бағытындағы келелі ұсыныстарын тыңдап, ашық пікірлесті.
Жиынға әртүрлі салада жемісті еңбек еткен ардагерлер, облыстық салалық басқарма басшылары мен облыстық, аудандық мәслихаттың депутаттары мен іскер әйелдер қауымы шақырылды.
Облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов модераторлық еткен жиында әйелдердің қоғамдағы орны және түрлі салаларда қызмет ететін әйелдердің еңбегін мемлекет тарапынан лайықты деңгейде бағалау мәселелері айтылды.
Басқосу барысында өңір басшысы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық белесінде халықпен етене жақын араласатын әртүрлі саладағы нәзік жандылардың табанды еңбегін жоғары бағалап, өңірді өркендету бағытындағы алға қойған мақсат-міндеттерді бірге орындауға шақырды.Биыл – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі жылы. Осы жылдар ішіндегі еліміздің толағай табыстары мен Сыр өлкесінің қол жеткен жетістіктерінің барлығында әйелдер қауымының өз қолтаңбасы бар. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне әйелдердің қосқан үлесі шексіз» деп ерекше атап көрсетуі де сондықтан. Бүгінде әйелдер қауымы отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени салада табысты еңбек етіп келеді.
«Әйелдерді экономикаға тарту процесінің кешенді мәселелері менің тұрақты бақылауымда. Осы мақсатта мен аудандарды аралау барысында да, жеке қабылдаулар аясында да олармен кездесулерді тұрақты түрде өткіземін. Бір жылдан астам уақыт ішінде 92 ауылдық округке бардым. Кәсіпкер әйелдермен жеке кездесіп, олардың жұмыстарымен таныстым. Әрбір ұтымды ұсыныс қараусыз қалмайды», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Кездесуде сала ардагерлері, облыс және аудандық мәслихат депутаттары өздерінің ұсыныстарын жеткізіп, түрлі тақырыпта пікір алмасты. Қызылорда облысының құрметті азаматы, облыстық мәслихаттың ІІ,ІІІ, ІV шақырылымының депутаты Алмагүл Божанова іскер әйелдердің белсенділігін арттыру, оларды қоғамдық істерге ұдайы түрде тарту қажеттігін айтып, ортақ мәселе көтеруде бірлескен шешімдерді қабылдауға шақырды. Сондай-ақ, әлеуметтік мәселелерді көтеруде депуттатық корпустағы әйелдердің ұсыныстарының маңызды екенін алға тартты. Кездесуде Арал өңіріндегі судың тапшылығы, қуаңшылық мәселесі, Көкарал су қоймайсын жаңғырту, әйелдердің әлеуметтік жобалармен айналысуы сынды өзекті мәселелер қозғалды.
Алқалы жиында Арал аудандық мәслихатының депутаты, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ақыл Сәдуақасова, Шиелі аудандық мәслихатының VІ, VІІ шақырылым депутаты Нәйла Палымбет өз кәсібін бастаған нәзік жандылардың бизнесін қолдау және оның аясын кеңейту мәселелерін көтерді. Облыстық мәслихаттың VІІ шақырылым депутаты Сәрсенкүл Биқожа мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамдық ортаға бейімдеу және қимыл-қозғалысын реттеу, әлеуметтік қолдау мәселелерін назарға ұсынды. Ал, облыстық мәслихат депутаты, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Аида Абибуллаева өңірде отбасы мәселелерін қарайтын арнайы басқарма құру керектігін жеткізді.
Сондай-ақ, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова әйелдердің кадрлық резервін даярлау және көшбасшы әйелдер клубын құру идеясын ортаға салды. Мұнан бөлек, кәсіпкер қыз-келіншектердің өндірген тауарлары мен бұйымдарын ұсынатын арнайы көрме ретінде өткізуді ұсынды.
Кездесуде әрбір ұсыныс-пікірді саралаған облыс әкімі басқосуда көтерілген мәселелерге нақты жауап берді.
«Бүгінгі еркін кездесу алдағы міндеттерді тағы бір саралауға жол ашты деп есептеймін. Әрине, ұсыныстардың әрбірі өзекті. Оның ішінде судың тапшылығы проблемасы Үкімет деңгейінде қаралып, уақытылы шешім қабылдануда. Мәселен, «Көкарал» су қоймасы бойынша биыл жобалық сметалық құжаттары толық аяқталды. Сараптамадан өткізу үшін мемлекет тарапынан қаржы да бөлінетін болды. Нәтижесінде келер жылы Көкаралға реконструкция жасау жұмыстары басталады деген сенімдеміз. Сол себепті бұл бағыттағы жұмыстар менің тікелей бақылауымда болады. Қуаңшылық жағдайында Арал өңірінде төтенше жағдай режимін уақытылы жариялап, қажетті қадамдарды іске асырдық. Көрші облыстардың көмегі де мәселені реттеуді жеделдетті. Үкімет деңгейіндегі қолдау шараларының нәтижесі шаруалардың жағдайына оң әсер етті дей аламыз. Ал, отбасы басқармасы жөніндегі идеяны елордада ұлттық комиссия ісін жүзеге асырып жүргенде пилоттық жоба ретінде Шымкент қаласына енгізген едік. Бұл ретте басқа өңірлердің тәжірибесін қарау керек. Қолдауға болатын ұсыныс ретінде қарай аламын. Сондай-ақ, әйелдер кадрлық резервін құру туралы идея бұрыннан ойымда жүрген еді. Оны өткен аптада өткен халықаралық әйелдер энергетикалық клубының V форумында ұсыныс ретінде жолдадым. Сондықтан айтылған ұсыныстарыңызды ескеріп, саралайтын боламыз», – деді облыс әкімі.
Жиын соңында Гүлшара Әбдіқалықова өңірдің дамуына сүбелі үлесін қосқан сала ардагерлері мен депутаттарды Алғыс хатпен марапаттап, ілтипатын көрсетті.
Айта кетейік, облыста 823 мыңнан астам тұрғын болса, оның 410 мыңға жуығы әйелдер. Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің 87 пайызы, педагогтардың 73 пайызы, жалпы бюджеттік сала қызметкерлерінің 60, мемлекеттік қызметшілердің 37 пайызы нәзік жандылардың үлесінде.