Индустрияландыру: Қызылордада 46 жоба жүзеге асырылуда
Kyzylorda-news.kz. Индустрияландыру бағдарламасы аясында облыста құны 543 млрд. теңгені құрайтын 46 жоба жүзеге асырылуда. 7 мыңнан аса жұмыс орны құрылатын болады. Былтыр 5 жоба іске қосылды. 10 жоба құрылыс индустриясы саласына бағытталған. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев мәлімдеді.
«Ірі стратегиялық жобамыздың бірі – шыны зауыты. Құрылысы биыл аяқталады. Кәсіпорынның аясында бірнеше ілеспе кәсіпорындар құру бойынша жұмыстар басталды. Қазір 2 ілеспе жоба – шыны талшықтары мен композиттік материалдар және айна өндірісі бойынша жобалау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс индустриясы саласында алдағы уақытта керамзит, арматура, 2 асфальтбетон шығаратын зауыттары ашылып, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін цех кеңейтілетін болады», – деді басқарма басшысы.
Өңірдің ерекшелігіне сәйкес 46 жобаның ішінде агроөнеркәсіп саласындағы жобалардың 26-ның үлесі басым. Оның ішінде, 3 жоба былтырғы жылы іске қосылды. Олар Арал ауданында екі балық өңдеу цехы, Жалағаш ауданында тыңайтқыштар шығаратын «Агрохим Сервис» серіктестігі. Биыл осы салада тағы 2 жоба іске қосылмақ. Біреуі – бағдарламаның белсенді қатысушысы – «Аралтұз» акционерлік қоғамының қуаттылығы жылына 180 мың тонналық ІІІ испан цехы. Қазір ас тұзының сынамалық өнімін шығаруда. Екіншісі – Сырдария ауданындағы «Ақжарма-1» қожалығының қуаттылығы жылына 630 тонналық күріш өңдеу зауыты. Сонымен қатар, ет және сүт өнімдерін өндіруге бағытталған инвестициялық жобалар да бар. Оның ішінде, құс етін өндіруге бағытталған 4 жоба бар, оның екеуі – келер жылы іске қосылатын болады. Сүт өндіруге бағытталған 4 жоба бар. Оның ішінде, «РЗА» акционерлік қоғамының, «Сыр агро и К» серіктестігі тауарлы-сүт фермасын кеңейту және ашу жұмыстарын жүргізуде. Бие сүтін өңдейтін 2 жобада іске қосылмақ
«Қызылорда AGROPlus» серіктестігі томат пастасының өндіретін жобасына – жаңа инвестор «Orbis-Agro» компаниясын тартты.
Сондай-ақ, Арал ауданында жаңа өнім түрін шығаратын түйе сүтінен құрғақ ұнтақ цехы келер жылы іске қосылмақ. Ал, Шиелі ауданында іске асырылуы жоспарланған бақша дақылдарын өңдеп түрлі өнімдер шығаратын және жоңышқаны 10 мың гектарға жаңбырлатып суару әдісімен өсіріп, пресстеу жобалары бар.
Басқарма басшысының айтуынша, мемлекеттік қолдау шарасы ретінде 42 жоба жер телімдерін алды, 2 жоба инвестициялық жеңілдіктерге қол жеткізді, 6 жобаға жер қойнауын пайдалану құқығы берілді, 6 жобаға инженерлік инфрақұрылым тарту көмектері көрсетілуде.