Облыста 7 индустриялық жоба іске қосылды
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев мәлімдеді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
«Индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста 25 жоба іске асырылуда, бүгінде оның 7–і іске қосылды. Олар РМЗ-Шапағат серіктестігінің үй құрылыс комбинаты, «Жан Арай жем» серіктестігінің құрама жем зауыты, «АралТұз» акционерлік қоғамының 2 жаңа испан цехы, Арал ауданындағы қаптама кірпіш және асфальтбетон зауыттары», - деді Ринат Сұлтангереев.
Былтыр құрылыс индустриясы саласы бойынша 2 өндіріс орны іске қосылды. Жаңақорған ауданында қуаттылығы 75 мың тонналық әк зауыты, қазірдің өзінде өнімі облыстың ішінде ғана емес, республиканың басқа өңірлеріне де шығарылуда.
Сондай-ақ, өткен жылы мерзімінен бұрын цемент өндіретін облыстағы алғашқы кәсіпорын ашылды. Кәсіпорын цемент өндіруде негізгі компонент болатын 11 мың тоннадан астам клинкер шығарды. Зауыт өнімі құрылыс индустриясында кеңінен қолданылып қоймай, мұнай-газ, атом өнеркәсібі саласында да пайдаланылады.
Өңірімізде басқа да ірі инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жалғасуда.