Қызылордада ұлттық институттың филиалы ашылды
Kyzylorda-news.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының филиалы ашылды.
Айта кету керек, елімізде институт филиалы ЖОО арасында алғаш рет құрылды. Ынтымақтастық меморандумына Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы-Ректор Бейбіткүл Кәрімова мен институттың І вице-президенті Иса Самсаев қол қойды.
Меморандум аясында алдағы уақытта Қызылорда облысы педагогтерінің біліктілігін арттыру курстары өткізіліп, рухы биік тұлға қалыптастыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылатын болады.
Қазіргі кезде білім алушылар мен оқытушыларға рухани құндылықтарды қалыптастыру жұмыстарын жүргізу өте пайдалы болмақ. Себебі, карантиннен кейін дәстүрлі форматқа қайта оралу оңайға түспеді. Филиал қызметкерлерімен бірлесе отырып, жастардың тұлғалық дамуы, ішкі үйлесімділіктерін қалыптастыруда ілкімді істер жүзеге асырылады,-деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
Университет пен институт арасындағы келісім шеңберінде №7 оқу ғимаратынан 2 дәрісхана бөлінді. Оның толықтай жабдықталуы ұлттық институт тарапынан қамтылады деп жоспарлануда.
-Институт филиалын ашу жұмыстарын алғашқы қадамды Қызылорда облысынан бастап отырмыз. Біздің аға оқытушылар аймақтағы педагогтер мен жоо оқытушыларына «Өзін-өзі тану» бағдарламасын үйретіп, біліктіліктерін арттырады. Арнайы іс-шаралар ұйымдастырылатын болады,- деді Иса Мұсаұлы.