Қызылордада күзгі егін жинау жұмыстары толығымен аяқталды
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында күзгі егін жинау жұмыстары толығымен аяқталды. Дихандар биылғы жылы орын алған су тапшылығына қарамастан егілген егістен өткен жылғы деңгейде өнім алуға қол жеткізіп отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев мәлімдеді.
«Егін жинау науқанына шаруашылықтардың қолында бар 4266 бірлік ауыл шаруашылығы техникалар қатысты. Бүгінгі күні егілген 83 570 гектар күріш көлемі толық жиналып, орта өнімі 59,8 центнерден айналды. Күзгі егін жинау науқанының аяқталуына байланысты ағымдағы жылдың 22-23 қазан күндері жылдағы дәстүр бойынша «Алтын дән – 2021» шарасы өткізілетін болады. Облыс диқандарының биылғы жылғы вегетация кезінде, су тапшылығына және басқа да қиындықтың бәрін еңсере отырып, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында жоғары өнім алуға қол жеткізген өндіріс озаттарын «Алтын дән – 2021» шарасы аясында 22 қазан күні марапаттайтын боламыз. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 23 қазан күні сағат 8:00-ден бастап барлық аудандардың қатысуымен Қызылорда қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Жәрмеңкеде барлығы 340 көлікпен 1044 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері нарық бағасынан 15-20 пайыз төмен бағада сатылатын болады. Осы күні сағат 12:00-де қалалық ипподромда «Алтын дән – 2021» шарасына байланысты ұлттық ат спорты түрлерінен бәйге жарыстары өткізіледі», – деді Талғат Тұрсынұлы.