Қазалыдағы көпір құрылысы партия бақылауында
Kyzylorda-news.kz. «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясы мен жауапты басқарма өкілдері Қазалы ауданында болып, партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» атты Сайлауалды бағдарламаларын жүзеге асыруға арналған Қызылорда облыстық және Қазалы аудандық Жол карталарында 2022 – 2023 жылдары орындалуы жоспарланған «Қазалы – Қожабақы – Бозкөл – Кәукей» автомобиль жолының Қарлан учаскесінен Сырдария өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысына зерделеу жұмыстарын жүргізді.
«Жалпы құны – 4,4 млрд теңге тұратын көпір құрылысының ұзақтығы 17 айға жоспарлануда. Салынатын өткелдің жалпы ұзындығы 2,5 км болса, темірбетон көпірінің ұзындығы – 248 метр. Автокөліктердің қозғалыс жолағының саны 2 дана, жалпы ені – 13 метр. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер жолы мен жарық шамдар да орнатылатын болады.»-деді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов.
Зерделеу жұмыстары кезінде партиялық бақылау комиссиясының өкілдері Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы және 8 елді-мекенді байланыстыратын бұл көпір құрылысы сапалы аяқталып ел игілігіне берілсе қауіпсіз және тұрақты көлік қатынасы мен қатар медицина қолжетімділік оң әсерін беретін айтты.