«Адал ұрпақ» ассоциациясының облыстық слеті өтті
Kyzylorda-news.kz. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті және облыстық білім басқармасымен бірлесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Адал ұрпақ» ассоциациясының облыстық слеті өткізілді.
Слетке департамент басшысының орынбасары Ғалия Әлімқұлова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердаулетов пен қалалық және аудандық білім беру ұйымдарының «Адал ұрпақ» ерікті клуб мүшелерінен 200 патриот оқушылар қатысты.
Шара барысында аудандардан келген ерікті мектеп клуб мүшелерінің көрмесі таныстырылды. Сонымен қатар, департамент басшысының орынбасары Ғалия Ұбайдуллақызы мен облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Камбозұлы «Адал ұрпақ» облыстық ерікті мектеп клубтарының 22 үздік оқушысын алғыс хаттармен марапаттады.
“Елдің ертеңі болашақ ұрпағымызды кішкентайынан Отан сүйгіштікке, адамдарды және дәстүрлерді құрметтеуге, білім мен еңбекке ұмтылуға, көрегенділік пен адалдыққа тәрбиелеу парызымыз. Бұл — біздің халқымызда ежелден бар ұлы қасиет. Сондықтан әр ата-ана, әрбір ұстаз балалар үшін лайықты үлгі болуға, нағыз қастерлі қасиеттерді таңдауға көмектесуі қажет”, – деді департамент басшысының орынбасары Ғалия Әлімқұлова.
Шара соңында 33 оқушы облыстық “Адал ұрпақ” ерікті мектеп клубтары қауымдастығының қатарына салтанатты түрде қабылданып, арнайы төсбелгілер табысталды.
Айта кетейік, «Адал Ұрпақ» мектеп клубы аймағымыздағы барлық мектептерінде ашылып, бүгінгі таңда 33 мыңға жуық мүшесі бар.