Әйел денсаулығын құртатын 7 әдет
Kyzylorda-news.kz. Таң атпастан өзіңізді шаршаңқы сезінесіз бе? Ештеңеге зауқыңыз болмай, күні бойы ұйқы қысып жүре ме? Салауатты өмір салтын ұстануға тырысып, тіпті, диета ұстап, фитнес-залға бардыңыз, бірақ сонда да өзіңізді сергек сезінудің орнына, керісінше, шаршап жүресіз. Мұның себебі көпшілігіміз күнделікті өмірде жіберетін қателіктерде болуы мүмкін. Әсіресе, бұл жасырын қателіктер өзін «қолға алуды» шешкен әйелдерде жиі кездеседі. Бұл әдеттердің екі-үшеуінің өзі қалыпты өмірден «шығып қалу» үшін жеткілікті.
Аз су ішесіз
Көпшілік адам күніне 8 стақан су іше алмайтынын мойындайды. Күніне таза судың 2-3 стақанын ғана ішіп үйренгендер үшін бұл оңай емесі рас. Бірақ суды жеткілікті ішпеу ағзаның сусыздануына әкеледі. Адамдардың бас ауруының негізгі себептерінің бірі ағзаға судың жетпеуі екенін білдіңіз бе? Егер әлсін-әлсін басыңыз ауырса, дәріні бірнеше стақан суға алмастырып көріңіз. Одан кейін сізге дәрінің қажет болмауы әбден мүмкін. Сусыздану нашар көңіл күйден бөлек сыртқы келбетке кері әсерін береді: тері құрғап, иілгіштігін жоғалтады, ерін жарылып кетеді, аузыңыз үнемі құрғап тұрғандай сезім болады. Оған ас қорыту проблемалары мен іш қату қаупін қосыңыз. Сондай-ақ суды аз ішу жалпы көңіл күй мен жұмысқа қабілеттілікке жағымсыз әсер етеді.
Не істеу керек?
Судың өзін іше бере алмасаңыз, оның «қарапайым» дәмін тартымды етіңіз: суға сүйікті жиделер, лайм, лимон, жалбыз жапырақтарын салыңыз. Судың жеткілікті мөлшерін ішу тамаққа тәбетті басып, артық тамақ жеуден құтқаратынын есте сақтаңыз. Телефонға су ішуді еске салатын қосымша жазып алыңыз. Ол су ішу уақытын ескертумен қатар, оның мөлшерін де көрсетіп тұрады.
Уақытылы тамақ ішпейсіз
Тамақ ішуде тұрақтылықты сақтанбасаңыз, егер кейде таңғы немесе түскі асты ішуге ұмытып кетсеңіз, онда өз зат алмасуыңызға зиян тигізіп жатсыз. Тіпті, пайдалы азық-түліктер жесеңіз де, мұндай дұрыс емес әдеттер метаболизмнің баяулауына әкеледі. Ал егер тамақтануыңызды қадағаламасаңыз, уақытында дұрыс тамақ жемеу зиянды тіскебасарларды көп жеуге итермелейді: ол артық салмақ қостырады. Оған қоса, ас қорыту проблемалары басталады, өзіңізді шаршаңқы және ұйқылы сезінесіз.
Не істеу керек?
Міндетті түрде таңғы ас ішіңіз. Таңғы ас мүмкіндігінше күрделі көмірсулардан тұрғаны жақсы: олар күннің бірінші жартысында қуатты және ұзақ уақыт тойымды жүруге көмектеседі. Егер жұмыс уақытында толыққанды түскі ас іше алмасаңыз, тіскебасар ретінде нені таңдағаныңызға мән беріңіз. Зиянды тіскебасарларды суға піскен сиыр немесе тауық етінен, тұзы аз балықтан жасалған бутербродқа және жеміс-жидектерге ауыстыруға тырысыңыз.
Ақуызды жеткілікті мөлшерде жемейсіз
Заманауи адамдардың көбі вегетариан болмаса да, ақуызды тағамды жеткілікті мөлшерде жемейді. Ересек адам ағзасындағы күнделікті ақуыздың «толмауы» 50%-ға дейін жетеді. Оның себебі — тіскебасарға арналған негізгі өнімдердің көбі көмірсулар мен майлардан тұруы. Ақуыздың құрамында ағзаның қалыпты жұмыс істеуіне қажетті өмірлік маңызы бар аминқышқылдар болады. Бұл аминқышқылдарсыз бас миы жұмысының өнімді болуы мүмкін емес. Олар — бұлшықеттердің құрылыс материалы. Сондай-ақ ақуызды қорыту кезінде көбірек энергия кетеді, сондықтан артық салмақтан арылуға мүмкіндік болады.
Не істеу керек?
Тамақтану рационыңыздағы ақуыздар мен көмірсулар ара қатынасына мән беріңіз. Дайын өнімдердің заттаңбасын оқыңыз: олардың ішінен ақуызға байын таңдаңыз. Мысалы, екі түрлі сүзбенің пакеттерінде немесе екі түрлі консервіленген балықтың құтыларында ақуыздың мөлшері әртүрлі көрсетіліп тұрады. Майы жоқ суға піскен ет жеуді әдетке айналдырыңыз. Ақуыздың ең бағалы көздерінің бірі — тауық жұмыртқасы.
Көмірсуларды жеткілікті мөлшерде жемейсіз
Әдетте бұл проблема салауатты өмір салтына және диеталарға қатты «беріліп» кеткендердің басында болады. Көмірсуларды артық мөлшерде жеудің зияны жайлы көп естігендіктен, оны рационнан толықтай алып тастаған жөн деп санайтындар аз емес. Бірақ бұл қате пікір. Себебі ағзаға көмірсулар жетіспесе, бас ауруы, енжарлық, нашар көңіл күй, төмен жұмысқа қабілеттілік, нашар ас қорыту және іш қату секілді салдарлар болады.
Не істеу керек?
Өзіңізге көмірсулар жеуге рұқсат беріңіз. Бірақ ол тосап, қант немесе тәтті тоқаш түрінде болмауы керек. Диетологтар «күрделі» және «қарапайым» (немесе «жылдам) көмірсулар болатынын айтып жүреді. Қант, тосап, тәттілер, жылдам дайындалатын ботқалар және т.б — «жылдам» көмірсулар. Бұлардың орнына «күрделі» көмірсуларды жеуге тырысыңыз, себебі олар ұзақ қорытылады және ағзаға барынша пайдасын тигізеді. Оларға тұтас дәнділер, бұршақтылар және макарондар жатады.
Жеткілікті мөлшерде май жемейсіз
Май көпшіліктің ойында ішке жиналатын және артық салмақ қосатын өніммен байланыстырылған, сондықтан оны рационнан толық алып тастауды жөн көреді. Майсыздандырылған сүт, сүзбе, ірімшік, ет және т.б азық-түліктер дастарханда қалыпты өнімге айналды. Алайда майлар ағзаның дұрыс жұмыс істеуіне қажет. Оның үстіне тағамдық майларда болатын өмірлік маңызы бар майлы қышқылдарды ағза өздігінен түзе алмайды, сондықтан оны уақытылы тамақпен бірге алуы керек. Егер олай болмаса, бірінші кезекте ми қиналады. Алдымен жұмысқа қабілеттілік төмендейді, содан соң адам бұрынғы алғырлығын жоғалта бастағанын байқайды. Сондай-ақ алмастырылмайтын майлы қышқылдарсыз ағза жылдам қартая бастайды.
Не істеу керек?
Қаныққан және қанықпаған майларды ажырата білу керек. Қанықпаған майлар артық салмақ қостырмайды, бірақ оларды да шамадан тыс көп жеуге болмайды. Пайдалы майларға арқан балық, жаңғақтар, авокадо, зәйтүн, шемешкі, өсімдік майы жатады.
Аз ұйықтайсыз
Ұйқының қанбауы — заманауи ересектер жіберетін ең үлкен қателік. Қазір адамдар ақпараттар легінде өмір сүргендіктен, көпшілік «артық» бір сағат уақытын ұйқыға жұмсауға қимайды. Әсіресе, қызықтың бәрі кешкісін (соның ішінде, теледидарда) болып жатады. Алайда 7 сағаттан аз ұйықтасаңыз немесе түн ортасында жатсаңыз, күйзеліс, депрессия, ұйқысыздық, ашуланшақтық басталады.
Не істеу керек?
Ұйықтауға сағат 22:00-ден кеш емес жатып, таңертең сағат 6-7 де тұруды үйреніңіз. Адамдарды қызықтыратын сериалдар мен шоулар өте көп. Бірақ бөтен адамдардың ойдан шығарылған өмірлері мен қойылымдық шоулар созылмалы ұйқысыздықпен қиналуыңызға тұра ма? Егер ерте жатпауыңыздың себебі — қажетті шаруаларды 22:00-ге дейін аяқтап үлгермеуде болса, онда тайм-менеджмент жайлы ойланыңыз.
Аз қозғаласыз
Баламен далаға серуенге шықпайсыз: өзіңізге ауа-райы «қатты суық», «қатты ыстық», «ылғал» деген секілді сылтаулар айтасыз. Жақын жердегі дүкенге де көлікпен баруды жөн көресіз. Азық-түлікті үйге жеткізу қызметімен аласыз. 3-ші қабаттың өзіне лифт қолданасыз. Жұмыс пен үй шаруаларынан қолыңыз босамайтындықтан, физикалық жаттығуға уақыт бөлмейсіз. Мұндай аз қозғалысты өмір салты артық тамақтану, артық салмақ, ас қорыту проблемалары, бұлшықет дистрофиясы, геморрой секілді салдарларға әкеледі. Бұл тізімге кейде күйзеліс пен депрессия да қосылады. Аз қозғалатын адамдар өздерін жиі бақытсыз сезінеді.
Не істеу керек?
Көбірек қозғалудың жолын табыңыз. Ол үшін жаттығу залына бару міндетті емес. Үйдің қасындағы би сыныбына барыңыз немесе аптасына бірнеше рет влосипед тебіңіз. Көбірек жаяу жүріңіз және лифтті жиі қолданбаңыз.