Жалағашта дзюдодан республикалық турнир басталды
Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысы Жалағаш ауданының Мәдениет және өнерді дамыту орталығында ауыл шаруашылығының көрнекті ұйымдастырушысы Мөрәлі Шәменовті еске алуға арналған дзюдодан 2005-2006 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирдің ашылу салтанаты болып өтті.
Мөрәлі Шәменов – әлеуметтік саланың дамуына, мәдениет пен өнердің, спорттың биік белеске көтерілуіне аянбай тер төккен азамат.
Бұл турнир туған жерінің көркеюіне, ауылшаруашылығының өркендеуіне, ақ күрішті ақ алқапқа айналуына саналы ғұмырын сарп еткен, болмысы ерен тұлға Мөрәлі Шәменовке арналуы ұрпақтар сабақтастығының бір көрінісі.
Турнирді ашу үшін алғашқы сөз аудан әкімі Асылбек Шәменовке берілді. А.Шәменов өз сөзінде барша Жалағаштықтар үшін орны бөлек, бір туар азамат Мөрәлі Шәменовтің артынан қалдырып кеткен өшпес мұрасы жайында айтты. Сонымен бірге Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ж.Тажмаханов, Жалағаш ауданының қоғамдық кеңес төрағасы К.Сүлейменов және Қызылорда облысы дзюдо федерациясының президенті, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы С.Мұстафаев сөз сөйлеп, барша қатысушыларға Мөрәлі ағамыздың әруағы қолдасын деген игі тілектерін білдірді. Турнир барысында Мөрәлі Шәменовтің ұрпақтары да қатысты. Әрі қарай спорттық шара облысымыздың түкпір-түкпірінен келген жас дзюдошылардың жекпе-жегімен жалғасты.