Жалағашта еңбек озаттары марапатталды
Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қонысбек Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Алтын дән – 2021» мерекесіне орай салтанатты шара өтті.
Салтанатты шараға Жалағаш ауданының әкімі Асылбек Өмірбекұлы, бөлім және мекеме-кәсіпорын басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері мен еңбеккерлері, БАҚ өкілдері қатысты.
Аудан басшысы Асылбек Өмірбекұлы аудан тұрғындарын береке мен молшылықтың бастауы – «Алтын дән – 2021» мерекесімен құттықтап, ауыл еңбеккерлерінің ел үшін еткен ерен еңбектерінің ақталғанын атап өтті.
Мұнан соң табысқа жеткен озаттарды марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.
Салтанатты шарада күріш дақылынан мол өнім алған шаруашылықтар, “Мега Агро” ЖШС, “Құрманбай ата” ШҚ және “Еңбек Жер” ЖШС “Озат шаруашылық” номинацияларымен марапатталды.
Сонымен қатар, шаруа қожалық қызметкерлерінің озаттары да марапат төрінен көрінді.
Айта кетейік, Жалағаштық диқандар биылғы жылы егілген 36 231 гектар күріштің әр гектарынан 62,3 центнерден өнім жинап, ел қамбасына 123 354 тонна астық құйды.