ҚАЗАЛЫДА «АЛТЫН ДӘН – 2017» МЕРЕКЕСІ ӨТТІ
Алдымен аудан орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге қала, кент және барлық ауылдық округтерден келген шаруа қожалықтары азық-түлік, көкөніс өнімдері, отын, қысқы мал азықтарын нарық бағасынан 15-20 пайыз төмен бағада ұсынды. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев әр ауылдан әкелінген өнімдермен танысып, оң бағасын берді.
Мұнан соң аудан басшысы бастаған ел ағалары «Жеңіс» саябағына өз қолдарымен ағаш көшеттерін екті. Қоршаған ортаны көгалдандыруды басты мақсат еткен шара аудан тұрғындары тарапынан үлкен қолдау тапты.
Мереке аудандық мәдениет орталығында салтанатты шараға ұласты. Жиналған көпшілік Қазалы өнімдерінің көрмесін тамашалады.
Аудан басшысы М.Ергешбаев аудан халқын береке мен молшылықтың бастауы – «Алтын дән - 2017» мерекесімен құттықтап, ауыл еңбеккерлерінің ел үшін еткен ерен еңбектерінің ақталғанын атап өтті. Табысқа жеткен озаттарды марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.
Күріш дақылынан мол өнім алған шаруашылықтар да марапат төрінен көрінді. 52 центнерден өнім алған «РЗА-Агро» ЖШС 1-ші дәрежелі, 45 центнер көрсеткішпен «Сыр Маржаны» ЖШС 2-ші, 41 центнермен «Агро Өркен» ЖШС 3-ші дәрежелі дипломмен марапатталды.
Айта кетейік, қазалылық диқандар биылғы жылы егілген 6800 гектар күріштің әр гектарынан 45 центнерден өнім жинап, ел қамбасына 30 мың тоннадан астам астық құйды.
Ауданда егін шаруашылығымен бірге мал, балық шаруашылығын дамыту бағытында да толайым табыстарға қол жеткізілді.
Биыл Иранда сұранысы жоғары «Торем Хошеми» сорты «Сыр маржаны» шаруашылығында сынақтан өткізу үшін 1 гектарға егілді. Сынақтан өткізілген сортты 2018 жылы 160 гектар жерге ұлғайтып егуді жоспарлап отыр. Бүгінгі күнге аталған сортты егетін танаптар анықталып, дайындық жұмыстары жүргізілуде.